Қыр жаққа сапарлап қайтқанбыз

Ескіше 14-і бір жаңа деп есептегенде 14 желтоқсан айдың алғашқы күні.

Биыл дәл осы күні тегіс қар түсіп, қыстың келгенінен хабар бергендей. Оны ескілікті адамдар біліп, әңгіме қылып отырады. Оның үстіне бұл мезгілде киіктің бұрқағы келіп, қар жауып, боран соғады. Яғни аз ғана уақытта киіктің шағылысы аяқталып, текенің қарға аунап, мойын жуар мезгілі. Біз осы мезгілді бір барлап, қыр жаққа сапарлап қайтқанбыз.

Ауыл іші ықтасын болып жылы көрінгенімен даланың қара жолына қарай шыққанда бір елі қардың екі елі ызғарын сезесің. Биылғы көктем, жаз амалдары жауынсыз өтіп, төрт түлігінің қамын ойлайтын шаруа баққан жұртқа қолайсыздық туғызды. Оның үстіне күз бен қыстың арасындағы өтпелі кезең әрі жамау-жасқау айы қарашаның да қарайласқаны шамалы. Қара суықтың үстіне жаңбыр жауып, көктайғаққа айналып, әбден әбігерге салды.

Тіпті мұз қатқан соң жиектегі қара қатқақта қаталаған малдан берекет кетіп, малы барлар Бағырлай каналының, Жайық өзенінің мұзын ойып, кезекпен малға суат дайындаған. Міне енді, кешегі түскен қар оның бәрін ұмыттырып, керек десеңіз қатқылдан қара көрмейсіз. Жаз бойы суаттан ұзай алмаған жылқы қар түсе шағылға бет алған болса керек. Ықтасын әрі азық болған соң қалыңдықта қыстап шығып, жер аяғы кеңіген соң ауыл маңына қарай жақындап төлдейді. Төлін ит-құстан қорғағаны болса керек.

Бұл – ит жүгіртіп, құс салатын қансонардың да уақыты. Атадан мирас болған нағыз қыстың қызығы. Өкінішке орай, таулы аймақтарда болмаса біздің өңірдегі «Джиппен» жылқы қуған қазақтың қансонармен шаруасы жоқ. Тіпті алғашқы қардағы аңның ізін аңдып алғанмен оның терісін кәдеге жарата білеміз бе екен?!

Жалпы жолда кідіріс жоқ. Сондықтан да Елтай ауылынан тура батысқа қарай «Көк төбе» мен «Үш төбе» қыстауының орта тұсымен әрі тарта бердік. Ауа райы ашық болғанмен іргені қара бұлт торлап, көтеріле бастады. Бұлт желге қарай көшсе, онда кешікпей қар жауады, ортасынан ыдыраса, ауа райы бұзылады, шетінен ыдыраса, ашықтықтың белгісі деуші еді. Жел солтүстіктен соғып тұрғанмен бұлттың құбылысына өте мән бере қоймаппыз. Дегенмен, аяздың күшейгенін байқадық.

Ж.АМАНТУРЛИН.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT