Үш пәтер отқа оранды

Индер ауданына қарасты Аққала ауылының психикалық ауытқушылығы бар 28 жасар азамат пәтерін өртеп жіберіп, лаулаған от айналасындағы екі көршісінің үйіне жалғасып күлге айналды.

Қ.Жұмалиев көшесіндегі №7 алты үйлік пәтер кезінде совхоздың кеңсесі, кейін емханасы болыпты. Кейіннен оны ауылдағы мұқтаж жандарға жекеменшік баспана етіп берген. Міне, соның 4-інші пәтерінде тұратын ата-анасы өмірден озған ағалы-інілі бауырлардан көршілері үнемі қауіптеніп отыратын. «Бір күні үйді өртеп жібермесе екен» деп жүретін көршілерінің қаупі ақыры «ақталып» тынды. Абырой болғанда өрт күндіз болып, ешбір адам зардап шекпеген.

Жағдайдың анық-қанығын білу үшін көршісі Қалампыр Жамағатқызына хабарласқан едік.

-Біз бұл кісілермен көптен көрші тұрамыз. Үнемі өзім үйде болғанда қадағалап, ашық қалған газдарын жауып жүретінмін. Ал кеше, 27 сәуір күні жолдасым да, өзім де жұмыста жүргенде сағат 14:00 шамасында сол үйдің Ж. есімді тұрғыны үй ішіне қағаздарды үйіп, оған сіріңке тұтатып, ол газбен жалғасып пәтерлердің өртенуіне себеп болған. Сақтағанда ауыл тұрғындары мен өрт қызметкері өртті өшіріп, қалған пәтерлер аман қалды. Ал менің ескі үйім мен іргелес көршісі Аман Кенжеалиевпен бірге өздерінің үйлері түгелге жақын жанып кетті, - дейді ол.

o

Айталық, жақында ғана облыстық ауруханадан шығып келген Ж. есімді жігіт ауыл тұрғындарының тағы да жырына айнала бастаған. Қаншама ауыл, ауданда өткен жиындарда басты мәселе болып қозғалғанмен, шешімі әлі күнге дейін табылмай келді. Тіпті, бұл бала ауылға келсе болды тұрғындар балаларын далаға жалғыз жіберуге қорқады. Себебі, санасында ақауы бар жігіт көшеде жүрген кішкентайларға тиісе ме деп үрейленіп отырады.

-Інісін ауруханаға жатқызуға алып кетті, ал ағасына әзірге тұра тұратын баспана қажет. Сол себепті үйінің бір бөлмесін тазалап, ауыл азаматтары болып қайта жасақтап бергелі отырмыз. Себебі ол да ауыратындықтан ешкіммен бірге тұра алмайды. Сондай-ақ ауыл халқы бірігіп, қаржылай немесе материалмен болса да бірігіп тездетіп бір баспана салып беруге кіріскелі жатырмыз, - дейді ауылдың беделді азаматы, мәдениет үйінің қызметкері К.Ізімов.

Қазақта «жетім көрсең, жебей жүр» деген жақсы сөз бар. Әрқашанда жақсылықты ту етіп ұстайтын аққалалықтар Рамазан айында да жетімін жылатпас үшін игілікті іске білек сыбанып кірісіп кетті.

Ақмарал БОКИРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT