Аудандағы санитарлық – эпидемиологиялық жағдай тұрақты болғанмен, инфекциялық аурулардың 11 назологиясының 11 айда 6 түрінен өсу байқалып отыр.
Жұқпалы аурулардың жұғу, таралу факторлары – тазалықтың, жеке гигиенаның сақталмауы, дер кезінде ауруды асқындырмай медициналық көмекке жүгінбеудің салдарынан болып отыр. Кенттегі көше тазалығы, сауда саттық орындарындағы, базарлардағы, қоғамдық тамақтану орындарындағы санитарлық талаптардың өрескел бұзушылықтарын көре отырып, күні бүгінге басқармаға бірде-бір шағым арыздар тіркелмеген. Алайда, жұқпалы аурулар былтырғы жылмен салыстырғанда өскен. Бұл жөнінде аудандық мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Ш.Абайқызы айтты.
-Мәселен, жұқпалы ішек ауруы былтырғы жылмен салыстырғанда 1,4-ке, туберкулез ауруы 8 ауруға көбейіп отыр. Ал, вирустық гепатит ауруы соңғы 5 жылда тіркелмеген болса, биыл 3 ауру тіркеліп отыр. Қазіргі кезде санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысыз, хабарлама берместен жұмыстарын бастап, санитарлық талаптарға сай емес, залалсыздандыру жұмыстары жүргізілмейтін шаштараздар мен сұлулық салондарының қызметінен тері ауруларының саны 24- ке көбейіп отырғаны алаңдатады. Бәлкім олар халық арасында санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің міндеттері өзгергендігі туралы ақпарат беймәлім болар. Мәселен, бүгінгі күні шағын кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау саясатының аясында аталған жеке кәсіпкерлік субъектілері тексерілмейді. Дегенмен, санитариялық талаптар бұзылған жағдайда ауызша, телефон арқылы анонимді емес, жазбаша түрде шағым болғанда ғана тексерулер жүргізіліп, шаралар алынуы мүмкін. Дүкен, мейрамхана, кафелердегі санитариялық талаптар бұзылғандығын көре отырып, тұтынушылар тарапынан ескертулер жасалмайды, талап қойылмайды. Бұл өз кезегінде жұқпалы аурулардың өсуіне бірден бір себеп болып отыр.
Д.АЙБАР.