Атырау қаласында зиянсыз ыдырайтын пластик өндіруді автоматтандыруға бағытталған NaturePlast атты инновациялық жоба таныстырылды.
Жобаның авторлары — химияға ерекше қызығушылық танытатын жас зерттеушілер Дария Бегалиева мен Сабина Тұңғатарова. Олар топырақта тез ыдырайтын әрі қоршаған ортаға зиянсыз пластиктің өзіндік формуласын әзірлеген.
Алайда, олардың айтуынша, ірі бұйымдарды қолмен жасау көп еңбекті және уақытты қажет етеді. JasUp жобасы аясындағы робототехника және техникалық пәндер бойынша сабақтар оқушы қыздарға қол еңбегін автоматтандыру арқылы азайту жолдарын түсінуге көмектескен.
JerEcoHub хакатонына қатысу барысында Дария мен Сабина өз идеяларын таныстырып, 1 000 000 теңге көлеміндегі грантты жеңіп алды. Бұл қаражат биопластиктің шағын өндірісін іске қосуға бағытталмақ. Жас зерттеушілердің жоспары бойынша, олар кард-холдерлер, кәдесыйлар, мұқабалар және тұрмыста қолдануға ыңғайлы өзге де бұйымдарды шығарып, экологиялық таза шикізатты басқа шеберханаларға жеткізуді көздейді.
Қала тұрғындары мен жастар жоба авторлары Дария мен Сабинаға экологиялық стартапты дамытуға табыс тіледі.


