Махамбет Досмұхамбетов азық-түлік бағасын тұрақтандыру шараларын алуды тапсырды

«Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен жиында азық-түлік бағасын тұрақтандыру және күзгі жиын-терім мәселелері қаралды»,-деп хабарлайды Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Отырыста Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламат апта сайын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларына және қорына мониторинг жүргізілуде екенін айтып өтті. Соның ішінде, нан бағасына да тоқталды.

«Әлеуметтік нан және 1-сұрыпты ұн бағасын тұрақты ұстау бағытындағы үш жақты Меморандумға сәйкес, өңірімізге бөлінген 16000 тонна бидайдың, облысқа ұн тарту мекемесі "Карат" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы 10000 тоннасы тасымалданды. Меморандум негізінде әлеуметтік нан бағасы 90 теңге, 1-сұрыпты ұн бағасы 145 теңгеден сатылуда»,-деді ол.

Сондай-ақ, жергілікті ауылшаруашылығы тауар өндірушілерге өздерінің өнімдерін халыққа қол жетімді бағамен ұсынуы мақсатында 227 тегін сауда нүктелері берілгені де айтылды. А.Саламаттың сөзінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақты ұстау мақсатында күні бүгінге дейін кәсіпкерлер, тауар өндірушілер және ірі сауда орындары арасында 207 Меморандум жасақталған. Сонымен қатар, жиында облыстағы күзгі жиын-терім мәселесі де қозғалды.

Ауылшаруашылығы басқармасы басшысының мәліметінше, облыс бойынша биыл егістіктің жалпы көлемі 9 469 гектарды құраса, қазіргі кезде барлығы 6 292 гектар егін алқаптары жиналып, жалпы жұмыстың 66,4% орындалған. Жиын соңында аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов апта сайын өтетін азық-түлік жәрменкелерінің санын арттыру арқылы халыққа ұсынылатын әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру қажеттігін ескертті.

Сондай-ақ, күзгі егін жинау жұмыстарын мерзімінде аяқтауды тапсырды. Айта кетейік, өнім жинау жұмыстары қазан айының аяғына дейін жалғаспақ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521