Ұлттық мүдде - темірқазық

 Әрине, ол мақаладағы көтерілген жайларды талқылап, тереңнен сөз қозғау ойымызда жоқ. Бірақ мақаладан: "Әділетті мемлекет болмай, берекелі қоғам құру мүмкін емес. Әділетсіздіктің түбінде жеке бастың мүддесін елдік мүддеден жоғары ұстау, жершілдік пен топшылдық жатыр.

Соның салдары жемқорлық сынды қоғамды іштей ыдырататын індетке жол ашады. Ал одан шығаратын жол – адамның және қоғамның санасын өзгерту, көркем мінез бен мәдениетті дамыту",- деп атап көрсеткенін оқып, одан соң автордың ауданға келген сапарында, бірнеше жерде ардагерлерлермен өткен кездесулерде сөз болған, талқыға түскен жайларды санамыздың сынына тағы бір салсақ, бұрынғы аталар айтып кеткен түрлі салмақты ойлар «мен мұндалайды».

Аталған мақаладағы: "Технологияның адам өмірінің маңызды бір бөлігіне айналғаны мәлім. Онсыз өмірді елестету мүмкін болмай қалды. Алайда жаңа технология дамығанымен мәдениет пен көркем мінездің, имандылық пен адамгершіліктің деңгейі төмендеп, құлдырап барады. Қ а т ы г е з д і к , немқұрайдылық, зорлық-зомбылық, зұлымдық сынды адам болмысына жат мінез белең ала бастады. Қазіргі кезде әлем халықтарының рухани дағдарыс кешіп отырғаны аян. Бұл дағдарыстан ең бірінші зардап шегетін–жастар. Жастар адамзаттық және ұлттық құндылықтардан алыстап, жат дүниелерге санасыз кіріп кетіп жатыр. Тіршіліктің заңдылығы мен құндылықтардың орны ауысты", – деп сөз саптаған мақала авторы М.Отарбаевтың пікіріне қос қолды көтеріп қолдауға болады.

Өйткені бүгінде көркем мінез, мәдениеттілік деген ұғымдар орны жағымпаздық пен сыбайластықпен алмасып, көпті адастырып барады. Оның шынайы көрінісі "Қаңтар оқиғасы" кезінде де айрықша байқала түсті.

Осы ретте елім деп өткен алашшыл ұлдардың бірі, Ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдық мерейтойының ЮНЕСКО деңгейінде сонау Еуропа төріндегі Франция жерінде өтуі де бүгінгі Қазақстан жеріндегі саяси оқиғаның маңызын айқындап, салмағын тереңдете түсетінін айтпасқа болмайды. Мемлекет басшысының: "Ұлылықтың тойы ұлт алдындағы ұлы міндеттің үдесінен шығудың жолын іздеуге ұмтылдыруға тиіс!" деген ұстанымы былайғы қалың жұртты да ойландырып, ел мүддесі, бірлік пен татулық жолында жұмыс істеуге итермелеп, ортақ мақсатқа үн қосуға жұмылдырса аз шаруа болмас та еді. Өйткені, барша қазақстандықтың Әділетті қоғам құрмақшы болып, оның басты темірқазығы ұлттық руханиятқа бет бұрып жатқан сәтінде көп керегін алыстан емес, осы Ахмет Байтұрсынов бойынан, бар мақсатын оның ісі мен бастан кешкен қиындықтарынан сабақ алу арқылы сомдаса, көш бастаушы, кемел адамның болмысына жетсе де аз болмас еді-ау деген үлкен үміт бұл саяси дода алдында әркімнің де санасында қонақтары хақ.

Президентіміз Қ.Тоқаевтың "Мемлекет тәуелсіздік жағдайында ұлттық сананы қайта жаңғыртуға және жаһандану өзгерістеріне бейімделуге жалпыұлттық тұрғыдан басымдық беріп отыр" деген тұста, ұсынықты үлгіні алыстан іздемесе екен деген тілектен шыққан ой бұл. Мұның өзі бүгінгі биліктің биік тұғырына көз тіккен әрбір жан ұлттың рухани әлеуетін жүйелей, жинап, білім мен ғылымға ұқсатып, үзілгенді жалғаған тұлғаның бейнесін шынайы тануы, мойындау арқылы келсе шынында халықтың ертеңгі күніне деген сенімінің іргесі нық бола түсер еді. Себебі біз қашанда алдан тек жақсылық күткен ұрпақ өкіліміз ғой. Күні кеше ауданымызда болған атақты ақын Мұхтар Шахановтың жиі қайталаған шындық жайы, жер-жерлерде қайта көтеріліп жатқан білім ордаларында алдымен өзгені емес, өз тұлғаларын үлгі тұтып, ардақтау сана-сезімін қалыптастыру, сол арқылы елге қызмет етуді, тұлға болып қалыптасуды біздің ауданның көзі қарақты жандары да өте орынды көтеріп жүргенін айтып, қолдамасқа болмайды.

Жалпы аудан ақсақалдары мен көзі қарақты жандарының бастары қосыла қалған әр сәтте де (Мұндай кездесулер әр ауылдарда, соның ішінде Индерборда бірнеше рет өтті) осы сайлауды әділдікпен, шынайы бірлік жағдайында өтуіне алдымен бір-бірін үлес қосуға шақырулары қуантады.

Сол орталарда "Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді" деп сөз саптаған аға буын өкілдері Самиғолла Ғалым, Өтеген Ақышов, Серікқали Жұқиев, Жолдасқали Өмірбаев, Бағытжан Мусағали, Махамбет Көргенов, Аманкелді Халел, Тыныштық Азанов, Қымбат Кәрім, Жолдасқали Нұрсұлтанов, Мұрат Құлшықов, Әлден Мусағалиев, тағы басқаларының ойлары мен орынды ұсыныстары жадымызда әлі сайрап-ақ тұр. – Адам өзінің осынау егде жасында өз еңбегін, ортасына қарай айтады ғой. Әркімде қал-қадірінше халыққа қызмет етті, тер төкті. Оның бағасын кейінгі ұрпақ береді. Біз алдымен әрқашан соларға үлгі бола білуіміз керек. Біздің қоғамда, әсіресе, тәрбие жұмысы осалсып кетті. Ең алдымен жастарды бұзатын бүгінгі толассыз жүріп жатқан-ақпарат ағыны. Соған біз бойымыздағы бар білік пен тәжірибемізді жұмсай отырып тоқсауыл, бөгет жасай білсек, жастардың сол ақпараттың ақ-қарасын айыра білетін, байыптайтын дәрежеге жеткізсек те аз шаруа атқармас едік. Ол үшін біз ел мен жер тарихын, оның негізгі тұлғаларын әр ортада, әсіресе балабақша, мектеп қабырғасынан бастап, тіпті бүгінде көптеп салынып жатқан ойын алаңдарын осы шаруаға тиімді пайдалана білсек те еш артық болмас еді. Өкінішке орай, әр жердегі кейбір сәулетті ойын алаңдары қаңырап бос тұр, онда балаларды қызықтырып, елітіп әкететін, түрлі шаралар, ойындар өткізетін ұйымдастырушылар жоқтың қасы.

Бұл арқылы біз бастысы бұғанағы бекімей жатып, ұялы телефонға үңілген бүлдіршіннің бос уақытын өзі үшін тиімді пайдалануға үйретер едік қой. Өкінішке орай, бүгінде біздің ұландарымыз тұтас елді айтпағанда, аудандағы Еңбек Ерлерін, Батырларымызды, ата-баба жолы, өмір тарихын терең біле бермейді. Керісінше өзгенің жасығын, алтындай бағалап, жалған батырларын мақтан етіп, айтады. Соларға ұқсағысы келіп жүргендері де аз емес. Онысын кейбір ата-әжелердің тіпті мақтан тұтатынын қайтерсің?!.

Сондықтан да біз оның арғы жағында әр жасқа тарихты, ата жолын, дәстүрін ұлттық мүдде тұрғысынан таныту сияқты үлкен міндеттің тұрғанын әсте естен шығармауымыз керек,–деген Индербор кенті бастауыш ардагерлер ұйымының жетекшісі Серікқали Жұқиев ағамыздың сөзі көпшіліктің көңіліндегіні дөп басты. Сондықтан да оның әділдік пен әділеттілікке бастап, дұрыстықа таңдау жасайтын бірден-бір алаң бұл сайлауға үлкен ұйымшылдықпен қатысып, ауызбірлік танытуға ұмтылуымыз керектігін ұғындыруы да өте орынды естіледі. Шынында да әлдебіреулер әрбір саяси додаға азаматтық үнін қосуды жөн көрмей, біздің дауысымыз ештеңені шешпейді деген теріс түсінікпен, одан тыс қалуға, тіпті жанындағыларды сол пікіріне сендіруге ұмтылып жататыны бар. Ал мәселеге терең үңіле түссек, осы арқылы ол азамат өзінің қоғам алдындағы міндетін аяқ асты етіп отыр. Сірә, саналы жан бүйтпесе керек-ті.

Ал бұл осы сайлау арқылы Әділетті қоғам құруға ұмтылып жатқан "Еліңе қарап, ертеңіңе қамдан" деген қасиетті Ұлытауда өткен құрылтайдан кейінгі үнтастаумен қабыса ма?! Әрине, жоқ. Керісінше бұл осы қоғамда өмір сүріп, тіршілік жасап, ұрпақ өсіріп отырған әрбір отбасы иесінің өз болашағы алдындағы жауапкершілікті терең түсінбеуін, "Жауырға жаба тоқыған" бұйығылықты танытады. Отаншылдық сияқты ұлы ұғыммен қабыспайтын мұндай сезіммен ілгері басып, қоғам игіліктерін игеруге, ұрпағына соның қызығын көрсетуге ұмылмаудың өзі әбестік, сорды қайнатқан әділетсіздік болып табылары хақ.

Мұндайда Ұлт көсемі Ахмет Байтұрсыновтың "Жосық жақсы, бірақ біз қиындықтан сабақ алған еліміздің мазмұнын қалайша мемлекетшілдікке, әділеттілікке, еңбекқорлыққа, парасатқа толтыра аламыз", -деген сәулелі ойы еске түседі. Біздің де осы ойды қайталап, барлық шаруаның түп-төркінін ұлттық мүдде-темірқазығымыз болуы керектігін еске салу деп ұғарсыздар.

  •  Сүйеу ХАЛЫҚОВ,
  • Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521