Облыстық білім беру басқармасының бастамасымен қолға алынған жұмыс «Балалар – Таза Қазақстан үшін!» қағидаты негізінде жүзеге асуда. Басты мақсат – бала санасында табиғатты аялау мәдениетін қалыптастырып, әр оқушының экологиялық санасын ояту.

Басқарманың баспасөз хатшысы Ләззат Өтепованың айтуынша, өңірдегі 8 балабақша «Жасыл балабақша» бағытымен жұмыс істейді. Ал 4 мектепте жылыжай жасақталып, жасыл желекті көбейтуге ерекше көңіл бөлінген. Өткен оқу жылында облыс бойынша 200-ден астам экоклуб құрылып, оған 19 мыңнан астам оқушы тартылған. Бұған қоса, 11 мың ата-ана мен 6 мың педагог қатысқан 681 экологиялық шара ұйымдастырылып, түлектер 3 мыңнан астам көшет отырғызыпты.
– Белсенді жұмыс істеп тұрған жас натуралистер мен туристер станцияларына бес мыңнан астам бала қатысады. Сонымен қатар 25 мыңнан астам оқушы волонтерлік бастама арқылы табиғатты қорғау ісіне үлес қосып жүр. Жазғы демалыс кезінде 134 мыңнан астам бала тәрбиелік және экологиялық бағыттағы жобаларға қатысты, — дейді Л.Өтепова.
Дәстүрлі түрде өтетін «Табиғатты аяла» облыстық форумы, «PRO Eco», «Мен зерттеушімін» байқаулары балалар шығармашылығы мен ғылыми қызығушылығын арттыруға ықпал етіп отыр. Оған дәлел – биыл Астанада өткен республикалық «Таза Қазақстан» экофестивалінде Х.Ерғалиев атындағы №35 мектеп-гимназиясының IV сынып оқушысы салған «Суды үнемде, болашақты сақта!» атты сурет республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жоғары бағасына ие болды.
Атырау қаласындағы №13 «Балапан» бөбекжай-бақшасында да «Таза Қазақстан» акциясы аясында мазмұнды іс-шаралар өтті. Балдырғандар табиғатты қорғаудың мәнін өз көздерімен көріп, іс жүзінде үйренді.

Балабақша директоры Гүлдана Бектемірованың айтуынша, экологиялық тәрбиенің тамыры балалық шақтан басталуы тиіс. Сол мақсатта ұжым, ата-аналар мен бүлдіршіндер бірлесіп, «Табиғатты сүйейік», «Таза қала – таза болашақ», «Қоқысты – жәшікке!» атты танымдық сабақтар мен бейнероликтер ұсынған.
– Балалар «Менің таза қалам», «Табиғат – біздің байлығымыз» атты сурет және қолөнер байқауларына қатысып, өз қиялындағы таза әлемді бейнеледі. Тәрбиешілердің басшылығымен кішкентайлар топ ауласын тазалап, гүл отырғызуға атсалысты. Қалдықтарды сұрыптау тәжірибесі де жүргізіліп, пластик, қағаз, шыны бөлек жиналды. Ата-аналарға арналған ақпараттық парақшалар таратылып, тұрмыстық қалдықтарды дұрыс жоюдың маңызы түсіндірілді. Осындай қарапайым, бірақ әсерлі шаралар арқылы балалардың табиғатқа деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілік сезімі арта түсті, — дейді мекеме басшысы.
«Таза Қазақстан» акциясы – бір реттік шара емес, жас ұрпақтың бойына өмірлік құндылық дарытатын тәрбиенің ажырамас бөлігі. Бүгінгі баланың қолына күрек пен гүл көшетін ұстатып, тазалықтың мәнін ұғындырсақ ертең ол табиғатты сүйетін, елін аялаған еңбекқор азаматқа айналары сөзсіз.
Мәлике МӘЛІК

