Елдің байлығы – еңбекқор жұмысшыда

Ауыл шаруашылығы – адамзаттың ежелгі әрі мәңгі қажетті саласы. Қай кезеңде болмасын, жерді өңдеу, мал өсіру, өнім өндіру – қоғам өмірінің тірегі болып қала береді. Сондықтан ауыл шаруашылығындағы жұмысшы мамандықтардың рөлі ерекше. Бұл салада еңбек ететін механизаторлар, мал дәрігерлері, агрономдар, комбайншылар, суармалы жерді басқаратын техниктер мен тракторшылар елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Өткен ғасырдың 70–80 жылдарында ауыл шаруашылығы негізінен қол еңбегі мен қарапайым техникаға сүйеніп дамыды. Ол кезде жұмысшы мамандардың басты міндеті – егін егіп, малды бағып, өнімді мемлекетке өткізу болатын. Дегенмен, сол кезеңнің өзінде ауыл еңбеккерлері қоғамның басты тірегі саналды. Олардың маңдай терімен ел азық-түлікпен қамтамасыз етіліп, ауыл экономикасы дамыды.

Ал XXI ғасырдың басынан бастап ауыл шаруашылығы түбегейлі өзгерістерге ұшырады. Енді бұл салада тек физикалық еңбек қана емес, заманауи технологияларды меңгеру, автоматтандырылған техниканы басқару, климаттық және топырақтық ерекшеліктерді талдай білу сынды жаңа дағдылар талап етіледі. Қазіргі заманның ауыл жұмысшысы — техниканы басқарып қана қоймай, электронды жүйелер мен цифрлық платформалар арқылы өнім сапасын қадағалайтын білікті маман.

Мысалы, бүгінде ауыл шаруашылығында дрондар арқылы егістік мониторингі, GPS навигациямен басқарылатын тракторлар, ақылды суару жүйелері сияқты инновациялар кеңінен қолданылып жатыр. Осы өзгерістер жұмысшы мамандықтардың беделін жаңа деңгейге көтерді. Бұрын тракторшы немесе малшы қарапайым еңбек адамы ретінде қаралса, қазір олар жоғары технологиямен жұмыс істейтін кәсіби мамандар қатарына қосылды.

Жылдар өткен сайын мемлекет те ауыл шаруашылығы саласындағы жұмысшы мамандарды қолдауға айрықша назар аударуда. «Агробизнес», «Еңбек», «Жас маман» бағдарламалары арқылы ауыл жастары кәсіптік-техникалық білім алып, туған жерінде еңбек етуге мүмкіндік алып отыр. Бұл — ауылды өркендетудің, елдің азық-түлік тәуелсіздігін қамтамасыз етудің басты кепілі.

Қорытындылай келе, ауыл шаруашылығындағы жұмысшы мамандықтар – елдің өмір сүру негізін құрайтын басты күш. Уақыт өзгергенімен, жер мен еңбек қадірі ешқашан жойылмайды. Қазіргі замандағы ауыл жұмысшысы – тек еңбектің емес, жаңашылдықтың, табандылық пен отансүйгіштіктің символы. Сондықтан ауыл шаруашылығын дамыту – жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтерудің ең маңызды жолы.

 

К.ҚҰРМАНҒАЗИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT