JasUp жобасының жас инженері республикалық робототехника чемпионатында күміс жүлдеге ие болды

Атырауда жүзеге асырылып жатқан JasUp жобасының қатысушысы Парасат Сакишев республикалық KazRoboSport-2025 чемпионатының финалында екінші орынды иеленді. 

Астанада өткен KazRoboSport-2025 робототехника бойынша республикалық чемпионаттың финалында еліміздің түкпір-түкпірінен келген үздік командалар мен қатысушылар бақ сынады. «Мини сумо» санатында JasUp жобасының шәкірті Парасат Сакишев тамаша нәтиже көрсетіп, екінші орынға ие болды.

«Мини сумо» санаты — жарыстың ең тартысты әрі қызықты бағыттарының бірі. Өлшемі небәрі 10×10 см болатын роботтар жапондық сумо ережесі бойынша қарсыласын шеңберден итеріп шығару керек. Мұнда жеңіске жету үшін қатысушылардан инженерлік шеберлікпен қатар, қозғалыс алгоритмін, стратегияны және сенсорлардың дәл баптауын меңгеру талап етіледі. Парасат Сакишев бұл міндеттердің бәрін сәтті орындап, жоғары техникалық білім мен шығармашылық көзқарасын көрсетті. Оның роботы іріктеу кезеңдерін сенімді түрде еңсеріп, тек финалдық шайқаста қарсыласына аз ғана айырмашылықпен есе жіберді. Біз Парасаттың нәтижесіне қуаныштымыз — бұл технологияға қызығушылық, табандылық пен еңбектің нақты нәтижеге жеткізетінін көрсететін жарқын мысал. Ол Қазақстан жастарының ұлттық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін және өңіріміздің атын абыроймен шығара алатынын дәлелдеді», — деді JasUp жобасының жетекшісі Асқар Алдан.

Еске салайық, JasUp жобасы Теңізшевройл компаниясының Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында, KazRobotics федерациясының Атырау филиалы, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, Жылыой жас техниктер станциясы және Teren Oi даму орталығының қолдауымен жүзеге асырылуда. JasUp жобасы мектеп оқушылары мен студенттердің инженерлік және техникалық ойлау қабілетін дамытуға бағытталған. Қатысушылар робототехника, бағдарламалау, 3D-модельдеу және басқа да STEM бағыттарын меңгеріп, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарда табысқа жетуге мүмкіндік беретін білім мен дағдыларды алады. Парасат Сакишевтің жетістігі — тек жеке жеңіс қана емес, сондай-ақ барлық JasUp қатысушылары мен Қазақстанның жас инженерлері үшін шабыт беретін жарқын үлгі. Парасатты лайықты күміс жүлдесімен шын жүректен құттықтаймыз! Оған жаңа жеңістер, тың идеялар мен робототехника саласындағы биік белестерді бағындыруды тілейміз!

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT