Маңдай тердің дәмі

Еңбекқорлық қасиетті бойға сіңірді. 1947 жылы Сартөбе орталау мектебіне барып, Манаш ауылындағы Андреев атындағы орта мектепті тәмамдаған жас Новобогаттағы тракторис-тер даярлайтын бір жылдық курсты оқып, сол 1959 жылы «Забурын» кеңшарына (сов-хозына) мамандығы бойынша еңбекке тұрып, алғашқы еңбек жолы басталады. Сол жылы Гурьевтегі шоферлік курсты да оқып, автокөліктің тұтқасына отырды. Арасында екі жыл,  1960-1963 жылдары, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп оралған ол осы «Забурын» кеңшарында табан аудармастан тер төкті, ерінбей еткен еңбектің арқасында өз жұмысында жоғары көрсеткіштерге де қол жеткізіп, адал еңбегі атын шығарды. 

-Өзімнің еңбектес, ұжымдас болған әріптестеріммен бірге кеңшардың экономикасын дамытуға, ауылдың әлеуметтік жағдайының жақсаруына үлес қостым. Еңбектің ыстығы мен суығына төзе жүріп, қырық жылдай уақыт жүргізушілік қызмет қылдым. Еңбек ету өз алдына ғой, кейінгі жастарға білгенімді айтып, ақыл-кеңесімді бере жүруден жалыққаным жоқ. Еңбегім сол заманның талабымен де үндесіп, бесжылдықтар екпіндісі, еңбек озаты, еңбек екпіндісі, социалистік жарыстың жеңімпазы сияқты атақтарды алып, алғыс хаттар, құрмет грамоталарын, бағалы ескерткіш сыйлықтар иелендім. Қоғамдық жұмыстарға да араласып, ауылдық, аудандық кеңеске депутат болдым, аудандық кеңес атқару комитетінің мүшелігіне бірнеше рет сайландым. Бәрі еңбектің арқасы,-дейді бүгінде сеңгірлі 85 жастың биігіне шығып отырған ардагер аға.

Иә, айтса-айтқандай, қарапайым еңбегінің арқасында қадірі артты, сый-сияпатқа бөленді. Мәскеудегі Ауыл шаруашылығы жетістіктері көрмесінің Алтын медалін, Лениннің туғанына 100 жыл медалін да кеудеге қадады, ауданның чемпион жүргізушісі де атанды, облыс бойынша да осындай атақты иеленіп, «Жигули-2011» жеңіл көлігін мінгені де бар.

Зейнетке шыққасын да қоғамдық қызметтен қол үзбеді, соның ішінде 2009 жылдан бері Жанбай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде аға буын ауылдастарына жанашырлықпен жұмыс қылып келеді. Ардагер аға  Қазақстанның Алтын кітабына еніп, Алтын медалін де иеленді, «Исатай ауданына 90 жыл» мерейтойлық медалін тақты, 80 жасқа толғанында «Исатай ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді оған.

Біздің ардагер ағаны бұлай танып-білуіміз де тектен-тек емесін айтқанбыз сөз басында. Ауылдың қоғамдық өміріне, жас ұрпақтың тәрбиесіне ардагерлер кеңесі төрағасы ретінде де өзіндік үлесін қоса жүрген ақсақал аудандық басылыммен тұрақты байланыстағы жан. Газет бетінде елдік деңгейдегі істерге, аудандық деңгейдегі түрлі шараларға ой-пікірлерін білдіре үн қосып отыратын Мырзекең ұлттық құндылықтар турасында, сыйластық, татулық, бірлік сынды қасиетті ұғымдар хақында, кішілік пен кісілік сынды адами асыл қасиеттер жөнінде де қалам тербеп тұрады.

Ардагер аға басылым жанашыры ретінде де басқаларға үлгі. Ауылдық округ әкімдігімен бірлесе жергілікті жердегі өндірістік компаниялармен, соның ішінде «ПотенциалОйл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен байланысып отыратын Мырзажан Балпанұлы аталған компания көмегімен ардагерлерге құрмет көрсетуге қол жеткізіп қана қоймай, жыл сайынғы баспасөзге жазылу науқаны барысында серіктестіктің демеу қаржысымен ондаған ауыл ардагерін «Нарын таңына» жаздыруды жүзеге асырып келе жатқаны да құптарлық.

Бұл жөнінде ардагер ағаның өзі: «Қарттарымыз ел өміріндегі, облыс, аудан, ауыл деңгейіндегі тыныс-тіршіліктен хабарлы болып отыруы керек деп есептеймін. Бұрын газет оқымайтын адамды надан адамға санайтын еді ғой. Расында да солай, қазіргі күрделі уақытта газеттің сөзін оқып, жаңалықтар мен өзгерістерден, рухани, мәдени, адами болмысты жетілдіре түсер жарияланымдардан бәріміз де, соның ішінде жас-тарымыз да құлағдар болуы үшін газетке жаппай жазылуды қолға алу керек қой деп ойлаймын. Бұл да қамқорлық, жанашырлық саналатын іс. Осыны басшы-қосшы азаматтар да ойлай жүрсе ғанибет қой» дейді ардагер.

Иә, сексен бесінші белесіне де сергек қалыпта қадам басқан ардагер аға, ауылдас аға буын өкілдерінің де, аудан айнасының да жанашыры Балпановтың айтар ақылы, үйренер үлгісі, өрісті өнегесі аз емес.

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT