ҚОЖА ҚАЙТЫП ОРАЛДЫ

Аудандық кітапханада «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында балалар әдебиетінің классигі, көрнекті қаламгер Б.Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай, «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат» атты шығармаларынан оқырмандар конференциясы өтті.

Ондағы мақсат – жазушының осы шығармаларындағы кейіпкерлерге мінездеме бере отырып, олардың бейнесін аша білу, өзінің және өзгенің бойындағы жағымды-жағымсыз тұстарды ажырата отырып, ұстаз еңбегін бағалау, айналасындағылармен жақсы қарым-қатынаста болу, адамгершілікке, достыққа тәрбиелеу. Шара шымылдығы «Менің атым Қожа» шығармасы желісіндегі Қожаның рөлін «Көктем» қазақ орта мектебінің оқушысы Халит Мансурдың сомдауымен ашылды. Оқырмандарға жазушының өмір жолы мен шығармашылығы жайлы кітапханашы шолу жасап, экраннан бейнефильм көрсетілді.

Әңгіме бойынша кейіпкерлердің образын ашу мақсатында қойылған конференция сұрақтарына оқырмандар жауап берді. Конференцияда жазушының көркемдік әлемі әр қырынан суреттелді. Тұрақты оқырманымыз Г.Мақсотова «Балалық шаққа саяхат» повесіне арналған өз баяндамасын оқыды. Шараға студенттер, оқушылар, ата-аналар, «Жасыл ел» сарбаздары, «Әселдің әлемі» қоғамдық қорының төрайымы Ә.Сарғойшина қатысты. Қатысушы ата-аналардың ішінде Шынар Садыкованың қазіргі мен бұрынғы баланың айырмашылығы жайында өз ойын жеткізе білуі, ардагер ұстаз Л.Габдуллинаның аталмыш шығармалардың бала тәрбиесіндегі рөлі тақырыбын ашуы, Н.Исаның өткір ойлары оқырман жүрегіне жетті.

«Балалар әдебиетінің бәйтерегі» тақырыбында кітап көрмесі жасақталып, оған жазушының әр жылдары жарық көрген еңбектері қойылды. Шараға белсенді қатысқан оқушыларға кітапхана атынан Алғыс хаттар табысталды.

Ақсана САНСЫЗБАЕВА,

оқырмандарға қызмет көрсету

бөлімінің кітапханашысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521