Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі халыққа арнаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын тыңдап шықтым. Президент Жолдауда маңызды мәселенің бірі ретінде туризм саласын да атап өтті.
«Жұрт жиі баратын демалыс орындарынан бөлек, болашағы зор басқа да бағыттардың әлеуетін арттыру маңызды. Міндеттердің ара-жігін ажыратып алған жөн. Жергілікті атқарушы органдар әрдайым туризм инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән беріп, осы жұмысқа жауапты болады» деді Президент.
Ия, өңіріміздің туристік әлеуетінің болашағы зор болғанымен әлі күнге мақсатына игере алмай келе жатқанымыз ақиқат. Құдай берген тұз айдынын шипажайға айналдыруға мүмкіншілігіміз жетпей келеді. Индер борат кенішінен қалған каръерлер де демалыс аймағына сұранып тұр. Әрі Дендер тауының өзі қандай ерекше керемет табиғат. Махамбет, Малайсары, Мұрат бабаларымыздың мәңгілік мекендері де осы маңда...
Бүгінде аудан елді мекендерінің инфрақұрылымы жақсарып, ауылдың бәрінде бөбекжай, спорт кешендеріне дейін салынуда. Қазіргі мәселе болып отырған автокөлік жолының мәселесі де көп ұзамай шешімін табары сөзсіз. Ендігі кезекте Президенттің қойып отырған тапсырмасына сай өңір туризміне бетбұрыс жасалса, табыс көзіне, елдің ырысына айналар еді.
Саламат БАЗАРБАЕВ,
«Дендер» газетінің тілшісі