Бүгін Индер ауданының әкімі Мейірім Қалауи аудан халқына есеп беріп, 2019 жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындыларынан баяндама жасады. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев және облыстық, аудандық департамент, басқарма, мекеме басшылары, депутаттар, тұрғындар қатынасты.
Әкім баяндамасында айтып өткендей, 2019 жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 2 млрд. 566,0 млн. теңгені, нақты көлем индексі 172,2% құрап отыр. Ауыл шаруашылығында бұл көрсеткіш 103,9% құрап, 10 млрд. теңгеден (2018 ж. 7 903,5 млн.т) асты. Жергілікті бюджет 6 287,7 млн. теңге болып беркітіліп, жыл ішіндегі нақтылау бюджеттерімен көлемі ұлғайтылып, 14 494,6 млн теңгеге жетті.
Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 1 774, (2018 – 1752) өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5% өсті Құрылыс жұмыстарының көлемі 9 488,0 млн. теңгені құрап, өткен жылдан 20,9 есеге артты (2018 ж. – 446,0 млн.теңге). 32 664 шаршы метрін құрайтын 224 тұрғын үй пайдалануға берілді. Аз қамтылған көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында жаңа үйлерден 45 үй және 8 пәтер сатып алынды, оның 32-і табысталды.
Ауданда 5 513 млн. теңгені құрайтын 22 жобаның сметалық құжаттары жасақталып, сараптаманың оң қорытындылары алынды. Қазіргі күні жалпы құны 5 502 871 692 теңгені құрайтын 21 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының қанағаттанарлық жағдайы 26% - дан 33% дейін жетті. 2019-2020 жылдарға 8 жобалық сметалық құжаттама дайындалып, 8 321,5 млн. теңгеге 192 көшені қамтитын 95,2 км автокөлік жолдары, 55,5 км жаяу жүргіншілер жолдарын күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарын аяқтау жоспарлануда.
Жеке тұрғындар арасынан Б.Мусағалиев аудандағы атқарылған кешенді істерге ризашылығын білдіре келе, «Көктем» мөлтек ауданына балабақшаның қажеттігі мен жаңа кәріз су жүйесіне қосылу, Т.Айтқұлов Индер байлығын әлі де игеріп, өндірісті дамыта түсу, Г.Бақсихова апаттық үйлердің жағдайы, елтайлық Мерей Қабиев Жайық өзені мәселесін, С.Садықов «Алғабас-Жорық» каналының жайын көтерді. Тұрғындардың толғандырған мәселелеріне аудан әкімі М.Қалауи мен облыс әкімінің орынбасары Ә.Нәутиев толымды жауап берді.
Жиын қорытындысында аудан әкімнің баяндамасы тұрғындар тарапынан бірауыздан мақұлданды.
С.БАЗАРБАЕВ.