Жетістікке жеткізетін жол

   Кез-келген саланы дамыту алдымен ол бағыт бойынша кенжелеп қалғанымызды мойындаудан басталады емес пе?!

  Еліміздің ғылым саласы әлеуметтік-экономикалық өркендеуге тың серпін бере алмай отырғаны рас. Мұны жуырда Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің алғашқы отырысын өткізгенМемлекет басшысы ашық айтты. Өкінішке қарай, бұл салаға ұзақ уақыт бойы баса назар аударылмай келді. Бұл сала артта қалғанын мойындауға мәжбүрміз. Соңғы бес жылда ішкі жалпы өніміміздегі ғылымның үлесі 0,13 пайызға дейін төмендеп кетті. Қазақстан ғылымға инвестиция салған елдер тізімінде артта қалған мемлекеттер қатарында екені жасырын емес. Салыстыра айтар болсақ, рейтингтің көш басында тұрған Израиль мемлекеті мәселен, ішкі жалпы өнімінің 4,25% ғылым саласына арнайды. 0,13% бен 4,25% арасында алшақтық өте үлкен екенін байқап отырмыз.

   Қазақстанда ғылым саласын қаржыландыру ісінде де теңсіздік байқалады. Президенттің айтуынша, қаражаттың 82%-ы іргелі және қолданбалы ғылымға жұмсалып отыр. Қалған небәрі 18%-ы ғана тәжірибелік- конструкторлық зерттеулерге бөлінеді екен. Бұл дегеніңіз қыруар ақша ғылымдағы теориялық бастамаларға бөлінеді. Ал,ғалымдардың нақты іс жүзінде көрсететін өнертабыстарына бөлінер қаржы тым мардымсыз екенін көріп отырмыз. Нәтижесінде,ғылыми зерттеулеріміз жоқ емес, баршылық.Бірақ ол зерттеуді өндіріс қажеттілігіне айналдырар инновациялар жасалуы тым бәсең.

   Яки, ғылыми зерттеулерді іске жаратып, қолданысқа енгізетін өндіріс өте аз.Кәсіпорындарымыздың шамамен 65%-ы шикізат, металлургия саласына жұмылған.Ғылыми тілмен айтқанда біздің ел әлі үшінші технологиялық деңгейде жүрміз. Машина жасау, мұнай-химия саласындағы, яғни төртінші деңгейдегі өндірісіміздің үлесі – 34%. Бесінші технологиялық деңгейді айтар болсақ, еліміздегі кәсіпорындардың небәрі 1% ғана микроэлектроника, робот-тандыру мен IT саласында жұмыс істейді екен. Ал, алдыңғы қатарлы мемлекеттер алтыншы деңгеймен жұмыс істеп отыр.Нано және биотехнологияға негізделген алтыншы деңгейдегі өндіріс бізде атымен жоқ. Бұл жағдайдың өзі біздің көш соңында жүргенімізді айқын көрсетіп отыр. Мемлекет басшысы Ұлттық кеңестің отырысында дамыған елдердегі кәсіпорындардың тең жар-тысынан басымы – бесінші, ал 5% – алтыншы деңгейге жеткенін айтты. Түйіндей айтқанда,біздің өндірісіміз өзгелермен салыстырғанда тым артта қалған. Бұл айырмашылықты жою еліміз үшін өте күрделі әрі өзекті мә селеге айналып отыр. Сондықтан ел ғалымдарына бұл салада айрықша мақсат пен міндет жүктеледі.Бұл орайда Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан үйренетін емес, үйрететін, тұтынатын емес,өндіретін мемлекетке айналуға тиіс» деген сөзін қадап айтты. Еліміздің ғылыми-техникалық саясатының алдағы басымдықтары осыболуы тиіс.

   Ғылымсыз елдің келешегі көмескі екені айтпаса да түсінікті.

 

Қанат ӘУЕСБАЙ,

филология ғылымдарының кандидаты,

ҚР Президентінің халықаралық

«Болашақ» стипендиясы стипендиаты

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521