Естен кетпес күндер

Көктоғай ауылының тұрғыны Ғазизуллин Мұрат Қабдыұлы 1960 жылы 25 қазанда дүниеге келген. Ауылдағы орта мектепті аяқтаған соң «Путь Ильича» кеңшарында комсомол- жастар бригадасында қатарластарымен бірге шопан болып еңбек етеді. 1980 жылы 25 сәуірде әскерге алынады.

Алдымен Башқұрт елінің  Стерлитамак қаласында  авиация әскерінің  автоэлектр мамандығы бойынша маманданады. 1980 жылы 7 қарашада Өзбекстан астанасы Ташкент қаласы арқылы ұшақпен Ауған елінің Қандағар қаласынан бірақ шығады.

Ауған еліндегі Одақтың әскери-әуе күштерінің жасағы эскадри́льяда   негізінен Кавказ және  Орта Азия халықтарының жігіттері көп болыпты.  Жауынгерлердің әскери міндеті ұшақтар мен тікұшақтарды ұшуға дайындайды. МиГ-21 истребительі мен  МИ-6 жүк таситын тікұшағының жанар-жағармайы мен қару-жарағын түгендейді. Ал негізінен МИ-8 тікұшақтарын қамтиды. Сонымен қатар осы тікұшақпен орын алған әскери операцияларға бірге ұшып шығады. Көбіне экипаж ұшқыштар  құрамымен бірге үнемі екі атқыш жауынгерді қоса алып жүреді.  Жау әскери лекке шабуыл жасаған кезде, немесе басқадай ұрыс орын алған жерге ұшып барып, жараланған және қаза болған жауынгерлерды алып шығады екен.  

–Тікұшақ таудың ашық жерлеріне қона береді, ал қоналмаған сәттерінде жерден бірер метр ауада ұшып тұра алатын мүмкіндігі бар. Сол сәтте  жаралыларды тиеп үлгереміз. Герат, Шиндант, Газни, Лашгергаг, Пазабат, Жалалабат провицияларына әскери операциялар кезінде талай ұшып бардық.

Дұшпандар әуеде Кеңес Одағының ДШК (Дегтярев, Шпагин ірі калибрлі) пулеметтерін өзімізге қарсы көп қолданып қауіп туғызды. Бізбен бірге ұшатын екі бірдей тікұшақты аталмыш қарумен атып түсіргеніне куә болдым. Абырой болғанда бізге оның оғы дарымады. Ал Ауғанстанда кеңінен қолданған американдық «Стингер» қаруы біздің кезімізде болған жоқ. Ал МИ-8 тікұшақтарында Нурс ракеталарымен жауға көп қолданды. Біз әскерден кетерде МИ-24 тікұшақтарымен толығып жатқан еді, - дейді ол.

Кейіпкеріміз Қандағар қаласы   маңындағы бөлімдерден қазақ жігіттерімен араласып тұрады. Бірінде Оралдың жігітімен  бірге бөлімге келген индерлік Жалғасбай Қарабалинмен танысады. Бұрын екеуі бірін-бірі  танымайды екен. Сұрастары келе екеуі де  Индерден болып шығып, бауырын көргендей қуанып қалады. Қаруластар қазір де араласып тұрады екен.

Енді бірінде кейіпкеріміз Лашгергак қаласында  аялдайды. Мұнда Кеңес жауынгерлері мұнай мен газ өндіретін зауытты күзететін көрінеді. Оның маңында ауа-райын зерттеу орталығы бар екен. Жергілікті ауғандықтар Кеңестік жауынгерлерге суық қарайды, тіпті сөйлеспейтін көрінеді. Бірақ тәжік жауынгерлердің тілдері жергілікті ауғандық халықтармен ұқсас болғасын олар еркін сөйлесе беретін көрінеді. Бірінде  тәжік жауынгерлер арқылы аталған зерттеу орталығында жұмыс жасайтын екі қазақпен кездесудің сәті түседі.

 -Жергілікті халықтардай бастарына сәлде оранған сақалды жігіттер екен. Тілдері аздап өзгеріс болғанымен қазақша жақсы сөйлейді, бізді қазақ  деп, бауырым деп жылы қабылдады. Лашкаргах қаласында 10-15 қазақ отбасы тұрады екен, - дейді ол.

Мұрат Қабдыұлы ауылға аман-есен оралған соң Алматы зоотехникалық мал дәрігерлік институтын тамамдайды. Кеңшар тарағанша ауылда зоотехник болып қызмет атқарады. Кейін вахталық жұмыста еңбек етеді. Бүгінде зейнеткерлік демалыста. Жолдасы Күләш Асылаева ауылдағы «Гүлдәурен» бөбекжайының директоры. Отбасында  Асхат атты ұлымен  Марта, Айкөркем, Назерке қыздарын тәрбиелеп отыр.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521