«Елордадан ерекше әсермен оралдым»

Ұлы Даланың үніне айналған Қазақ радиосы биыл 100 жылдығын атап өтуде. Қазір елімізбен қатар шетелдерге хабар тарататын Қазақ радиосы алғаш 1921 жылы сол кездегі Қазақ АССР астанасы Орынбордан трансляция бере бастаған екен.

Ғасыр бойы ұлтымыздың тіршілік тінін, қайталанбас мәдени болмысын ұлағаттап келе жатқан радионың тұрақты тыңдармандары арамызда да бар. Соның бірі Индербор кенті тұрғыны Мәзім Шотанқызы жақында Елордада «Қазақ радиолары» серіктестігінің Бас директоры Ернұр Бураханның қабылдауында болып, Қазақ радиосының алтын қорынан «Елден жеткен есті ән ел ағасына» жинақты иеленді.

-Бала кезімізде әрбір үйде радио самбырлап тұратын еді ғой. Қазір де радионы үйімде үнемі қосып қоямын. Үйдің шаруасын жасасам да, ас үйде болсам да тыңдайтыным - Қазақ радиосы. Елдегі және әлемдік қым-қуат жаңалықтармен қатар салиқалы ойдың өрелі оралымдары, әуезді әуендері ерекше жан тебірентерлік қой. Өзіме қызығушылық туғызғаны сондай таңғы, кешкілік қызықты бағдарламаларына үнемі қосыламын. Индерден жиі байланысқа шығатынымды радио журналистері де жақсы біліп алған. Түрлі ойын сындарынан талай мәрте жеңімпаз танылып Маңғыстаудағы, Атыраудағы ағайындарға сәлемімді жолдап отырамын. Өзімнің туған күнім 4 маусым - Рәміздер күнімен сәйкес келетіндіктен, Ибрагим Ескендірдің орындауындағы «Көк тудың желбірегені» әні өзіме ыстық көрінетіндіктен де көбіне осы әнді жолдауды ұсынамын.

Ал жақында Елордаға жолым түскенде арнайы Қазақ радиосына баруды ұйғардым, - дейді Мәзім Шотанқызын әңгімеге тартқанымызда.

img-20210409-wa0004

Аталмыш жинақта күй, халық әндері фольклор, домбырамен, эстрадамен, дәстүрлі әндер, термелер мен толғаулар, заманауи өңдеудегі ретро әндер енгізілген екен.

Ауылға келген соң аталмыш жинақты үйге қойғанымша, индерліктер игілігіне пайдалансын деп аудандық орталық кітапхана директоры Дина Ареноваға табыс етеді.

–Қазақ радиосынан Индердің тумасы Жанболат Шәкімді кездестіріп құрметін көргеніне де ризашалығын білдіреді. Жалпы Елордада 7 күн демалысымды өткіздім. Негізгі мамандығым кітапханашы болғандықтан, Ұлттық кітапханадағы сирек те тарихы кітаптармен таныстым. ЭКСПО қалашығын және бас қаланың басқа да көрікті орындарын тамашалап, ауылға үлкен әсермен оралдым,- дейді ол.

С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521