Биылғы Президент Жолдауы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беруімен қатар еліміздің келешегінің кемел болуы, гүлденіп, өркендеуіне жол ашатын құжат болды. Онда халықтың әл-ауқатын арттыру, әділетті қоғам құру, білім мен денсаулық саласын дамыту мәселелері кеңінен қамтылған.
Әсіресе жастарға жаңа мүмкіндіктер ашу, кәсіпкерлікті қолдау және ұлттық қауіпсіздікті нығайту бағыттары көңілге қонымды. Бұл Жолдау Қазақстанның болашақтағы тұрақты дамуына негіз болатыны айқын. Оған дәлел Жолдаудың - «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: Өзекті мәселелер мен оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» деп аталуы.
Яғни, бұл құжат «Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп атап көрсетілген Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 8-бабымен үндесіп жатыр. Қазіргі ақпараттық қоғамда өндірістің дамуының негізгі құралы болып ақпараттық ресурстардың қажеттілігі көрінеді. Сондықтан білім беру саласы да өзінің дамуы үшін жаңа қадамдарға баруда.
Президент: «Қазақстан міндетті түрде цифрлық ел болуы керек»,- айта отырып, Қазақстанның әлем қауымдастығының бір бөлігі екені, қазіргі таңда жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект дәуіріне қадам басқанымызды атап өткен. Заман игілігін пайдалану жаңа мүмкіндіктерге жол ашатындықтан, Президент Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажет деп санайтындығын да атап өтті. Әр ұстаз - ізденімпаз ғалым, нәзік психолог, тынымсыз еңбеккер, ортаның ұйтқысы, жан-жақты шебер, терең қазыналы білімпаз, гуманист, белсенді патриот болумен қатар цифрлық сауаттылықты терең меңгергенде ғана қоғамның мықты да білікті, жоғарғы мәдениетті, жан-жақты дамыған, шығармашылығы жоғары жеке тұлғаны қалыптастырып, тәрбиелейтіні анық.
Гүлнафис Есқалиева
Аққала орта мектебінің тарих пәні мұғалімі