Бүгін - Рамазан айы басталды

Исі мұсылман баласының игі тілектері қабыл болатын рамазан - рақымшылық айының бүгін алғашқы күні.

Зайырлы мемлекетінің қайырлы ісі оң болып, ізгі ойлар салтанат құруын тілеген әрбіріміздің амалымыз қайырлы болғай. Адамгершілік, мейірімділік пен қайырымдылыққа үндейтін рамазан айы баршамызға құтты болсын! Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын! Қадірменді қазақ елі, аудан тұрғындары баршаңызды келе жатырған қасиетті Рамазан айымен құттықтаймын.

Биылғы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде 2020 жылдың 24 сәуірі – қасиетті Рамазан айының бірінші күні болып бекітілді. Осы жылғы ораза 30 күн ұсталады. Алла нәсіп етсе, 24 мамырда Ораза айт намазы оқылады. Дегенмен, еліміздегі төтенше жағдайға байланысты, бес уақыт намаз, жұма намазы, тарауих намазы, ауыз ашарлар мешітте өтпейді, үйде орындалады.

 Ораза (араб.) «ас-саум» – өз нәпсісін тыю, жаманнан алыстау, парс «ураза» – күндік) – тәуліктің күндізгі уақытында ауыз бекіту, исламның негізгі бес парызының үшіншісі. Ораза ұстаған адам таң атқаннан күн батқанға дейін ниетін бекітіп, ішіп-жеуден, басқа да оразаны бұзатын нәрселерден аулақ болады. Шариғат бойынша балиғатқа толған, ақыл – есі дұрыс, дені сау, мұсылманға рамазан айында ораза тұту парыз.

Алайда жолаушыларға, сырқат немесе денсаулығы нашар адамдарға, жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдерге ораза тұту кейінге қалдыруға шариғат рұқсат етеді.

Біздің халқымыз ежелден рамазанды ерекше қастерлеп: «Он екі айдың сұлтаны», – деп атаған. Берекесі мол айда жарамазан жырын айтып, оразаның келгенін қуанышпен жеткізіп, насихаттаған.

Алланың Елшісі (c.ғ.с) ұлық айды ерекше бағалап, үмбетіне үлгі қалдырған. Имам Ахмад жеткізген риуаятта Пайғамбар(c.ғ.с) ражаб айы кірген уақытта: «Уа, Алла! Бізге ражаб пен шағбанның берекесін бер! Рамазанға аман-сау жеткізе көр!» – деп тілек тілеген екен. Ең алдымен Ораза жамандықтан сақтайды. Ораза адам жанын жаман қылықтардан сақтайды. Құранда АллаһТағала былай дейді. «Ей, иман еткендері Күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді» («Бақара», 185-аят).

Бұл аятта ашылғандай Оразаның мақсаты – мұсылманды тазартып, тақуалық дәрежеге жеткізу. Оразаның ауызы берік адамға ғана емес, сонымен қатар қоғамға пайдалары бар. Ораза - елдегі дәулетті адам мен жоқжітік арасында байланыс жасайды. Кейде адам байлыққа батқан соң, айналасын ұмыта бастайды. Осы сәтте оның өмірге деген көзқарасы өзгереді. Нәпсісі бойдағы жанашырлық сезімін оятады. Ораза, сабырлылық пен төзімділікке үйретеді.

Ай бойы аш қалып, күндіз аузын ашпауға бекініп, әбден дағдыланған адамның бойында сабырлылық пен шыдамдылық сезімі күшейіп, өркен жаяды. Аштық пен құмарлық сезімге сабыр қылған, өзгеге де сабыр ете алады. Бұл ғұмырда нағыз сабыр - өз нәпсісін жеңе біліп, Алланың ақ жолында жүруге бел байлау. Оразаға төзе білген өзге ғибадаттарға да шыдамдылық таныта алады.

Қасиетті айда Алла баршамыздың тұтқан оразамызды, тілеген тілегімізді қабыл етсін. Елімізді індеттен, түрлі пәлежәледен сақтағай. Алла баршамызға мамыражай өмір сүруді нәсіп етсін. Әмин!

Ералы ҚАМЗАҒАЛИЕВ,

Индер ауданы «Әйіп қажы» мешітінің бас имамы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521