Билер кеңесі жұмысын пысықтады

Атырау облыстық сотында «Атырау облысының Билер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің жұмысын қорытындылау әрі алдағы жоспарларды нақтылау мақсатында онлайн жиналыс өткізілді.

Шараға Атырау облыстық сотының төрағасы Бауыржан Жұмағұлов, сот алқасының төрағалары, «Билер кеңесінің» мүшелері, облыстық, қалалық сот төрағалары және аудандық сот төрағалары мен аудандық жұмыс тобының мүшелері қатысты. Алдымен сөз алған Атырау облыстық сотының төрағасы Бауыржан Жұмағұлов татуластырушы билердің тәжірибесін жандандыру мақсатында бірқатар жұмыс жүргізіліп жатқандығын атап өтті. Сонымен бірге «Билер кеңесі» қазақ дәстүріндегі құқық пен билеріміздің дау шешудегі үлгісін қолдану арқылы бүгінде татуластыру рәсімдерін дамыта отыра өңіріміздегі ахуалдың тұрақтандырылуына, отбасылық, қоғамдық бірлікті сақтауға ықпал етіп отырғандығына тоқталды. Ал, аталған кеңес төрағасы Ғаббас Хисметуллин кеңестің құрылған күннен бастап әр жылы атқарған жұмыстарына баяндама жасады.

Атап айтсақ, 2019 жылы облыс билері тараптарды татуластыру арқылы 168 дауды, 2020 жылы 84 дауды шешкені белгілі болды. Даулардың басым көпшілігі отбасылық-тұрмыстық қатынастар, қарызды өндіріп алу, мүлікті төлеу секілді мәселелерге қатысты болған. Сондай-ақ, Кеңес жұмысын халық арасында насихаттау бағытында түрлі деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарына материалдар жарияланып, брифинг, студенттермен кездесулер өткізіліп, арнайы бейнеролик дайындалғандығын, барлық мүшелері медиаторлар курсынан өтіп, сертификат алғандығын да айтып өтті.

Қазіргі таңда Атырау облысының «Билер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің құрамында 60 азамат болса, оның 15-і қала, ал қалған 45-і аудандарда қызмет етуде. Жиын соңында кеңестің кейбір мүшелері тұрғылықты жері мен жұмыс орындарын ауыстырып, кейбірі дүниеден өтуіне байланысты 18 жаңа мүшесі және хатшысы ретінде Сағима Жұмалиева сайланды. Осылайша, кеңес төрағасы Ғаббас Хисметуллин атқарылған жұмыстарды қорытындылап, ағымдағы жылы атқарылатын жоспарды айқындап, бекітті.

Жиынға қатысқан аудандық сот төрағасы мен жұмыс тобының мүшелері де алдағы уақытта бірлесе жұмыс жасап, нәтижелі еңбек ететіндіктерін жеткізді. Айта кетейік, аталған қоғамдық бірлестік 2018 жылдың желтоқсан айында облыстық сот бастамасымен құрылып, әр ауданда жұмыс тобы жасап келеді.

Жадыра НАРИМАНОВА 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521