БАЛАЛАР ЫСТЫҚ ТАМАҚПЕН ҚАМТЫЛҒАН

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халықққа арнаған Жолдауында білім беру мекемелерінде бастауыш сынып оқушыларымен қатар, тұрмысы төмен отбасында тәрбиеленетін шәкірттерді ыстық тамақпен қамтамасыз етуді ел Үкіметі мен атқарушы билікке айрықша тапсырған болатын. Айтылған тапсырма ауданда да жоғары деңгейде ұйымдастырылуда.

Солардың бірі – Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепке біз де хабарласқанбыз. Мектеп басшылығының айтуынша, мемлекеттік сатып алу конкурсы негізінде жеңімпаз болып танылған кәсіпкермен бір жылға келісімшарт жасақталған. Нәтижесінде мектептің «МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» 100 орындық асханасында екі мезгілде 530 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп отыр.

–Жаңа оқу жылында 1260 оқушы білім алуда. Барлығы 61 сыныбымыз бар. Ал 1-4 сыныптар аралығындағы 500 оқушы білім алса, олардың барлығы да тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілуде. Сондай-ақ, 5-11 сыныптар аралығында білім алатын осал топтың 30 оқушысы да ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Әрбір шәкірт күніне 535 теңгенің көлемінде тамақтанады. Бастауыш сыныптар үшін 50 миллион 357 мың теңге бөлінсе, осал топтар үшін 3 миллион 24 мың теңге бөлінді. Оқушыларға берілетін тамақ сапасы да тұрақты бақылауда,-дейді мектеп директоры Мереке Жұмашева.

Жалпы ауданымызда 15 мектеп бар. Оның барлығы асханамен қамтылған. 


- Қазіргі таңда  3061 бала мектеп асханасында тамақтанады. Оның 2701-і – 1-4 сынып  оқушылары, 354-і – аз қамтылған отбасының балалары. Тамақтану улану фактілері соңғы бес жылда орын алған жоқ, – дейді аудандық санитариялық эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ләззат Қанапина.


 Аудандық білім бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, 1-4 сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджеттен – 193 миллион 625 мың, осал топтағы шәкірттер үшін 27 миллион  454 мың теңге қаржы қарастырылған.
 

                                                                                                                  С.КӨШЕКОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT