Аңызға айналған Аманғали

Аманғали Кенжеахметұлының (1888-11.01.1928 ж.ж.) ата қонысы Нарын құмының күншығыс жағындағы Тума деген жер, Кетешағыл деп те аталады. Аманғали он екі ата Байұлының Беріш руынан. Оның ішінде Кемесай-Себек. Әкесі Кенжеахмет, анасы Тағжан. Кенжеахмет пен Тағжаннан он бала тараған. Аманғали – он баланың үлкені. Ескіше сауат ашқан. Өр мінезді, намысқой, қайсар, бірбеткей, өте пысық, батыр тұлғалы палуан, әнші, сері, ат бапкері және сұрмерген болған. 

1916 жылғы маусымда патшаның жарлығымен қара жұмысқа алынып, елге 1917 жылы Ақпан революциясынан кейін оралып, үкімет жұмысына араласа бастайды. Милиция қатарына алынады. 1918-1919 жылдары  милиция қызметкері ретінде Нарын өңірінде кеңес өкіметін орнатуға қатысқан. 1921-1922 жылдары Шолантау маңында (Нарын құмы) Серов, Киселевтің ақ гвардияшыларына қарсы соғысады.

1925 жылы Нарында Кеңес өкіметінің әділетсіздігіне қарсы болып, қуғын көрген. Жазықсыз жалалы болып «банды» атанған. Аманғалидың «банды» атанып, қуғындалуы болмашы оқиғадан – ағайын, екі құда арасындағы реніштен басталған. 1924 жылы болыс белсенділерінің шақыруымен Ордадан әкімшілік тергеуші Е.Шкоков бастаған қарулы отряд Аманғалиды ұстауға шығады. Бірақ құм арасына із тастап қашқан Аманғали тобы оларға ұстатпай, ақыр соңында бытырай бастаған қуғыншы отряд басшыларын Шкоков пен төрт болыс мүшесінің өздерін тұтқындайды. Отряд жетекшісі Шкоковтың ұсынысы бойынша екіжақты бітімгершілік шарты жасалады. Аманғалиды қудалау осымен тоқталып, ол қару-жарақтарын тапсыруды міндетіне алып, тұтқындарды босатып жібереді. Бірақ, өзара пәтуаласып, бітімге қол қойғандарымен кеңес органдары, әсіресе, өкіметке жағынуды ғана ойлаған ауыл, болыс белсенділері Аманғалидың соңына түсулерін қоймайды. 1925 жылы ол Жайықтың Бұқар бетіне өтіп, адай правителі Тобанияз Әлниязовты сағалайды. Алайда ол шарасыздан куғыншылардың қолына Аманғалиды ұстап береді. Аманғали Орал түрмесіне жөнелтіледі. Аманғали 1926 жылы мамырда үш адам боп түрмеден қашады. Атыс-шабыс кезінде Аманғалидың қасындағылар Жұмағалидың немересін, кейін баласын өлтіреді. Осылайша «банды» аталып, жала жабылған Аманғалидың соңынан жазалаушы отряд шығады. Ақырында, Аманғали 1928 жылы 11 қаңтарда немере інісі Тайыр екеуі ГПУ-НКВД тобымен атысу кезінде қаза табады. Олардың сүйегі қазіргі Атырау облысы Құрманғазы ауданының Қарағайлы деген жерінде жерленген. Аманғалидың зайыбы Мұхсина мен үш інісі жазықсыз сотталып, екі інісі Мұқанғали, Әндірғали атылған, бір інісі Үмбетқали, туысы Есмұрза Финляндияға өтіп кеткен. Аманғалидың артына түскендер жұртты үркіту және оның атын қаралау мақсатында неше түрлі сыбыстар таратып, «сақ болыңдар, ауылдарыңды шауып, малыңды талайды» дейтіндер де болған. Ал іс жүзінде Аманғалидың жалпы халыққа еш зияны тимеген. Бұл жөнінде ол кісінің атақты «Аманғали» әнінен білуге болады.  Қаза болмастан аз уақыт бұрын төмендегі өлеңін шығарған:

 

«Қолымда бір қамшым бар сәліңгірдей,

Кей жаман сөйлейді кеп, әлін білмей.

Ел ішінде бір тентек жүрмей ме екен,

Соңымнан неге түстің бәрің бірдей.

Мен өзім Аманғали атанамын,

Байлардан ұрлап мініп ат аламын.

Кешегі көрген түсім рас болса,

Кешікпей осы күзде шаталамын».

 

Ол кісінің төсегі дұрыс, қанышер еместігін өзінің  басқа да өлеңдерінен білуге болады. Мысалы, мына өлеңінде:

«Ақ берен, алты қарыс ата алмадым,

Қайғы жеп өз үйімде жата алмадым.

Үйіне Отарғали екі барып,

Хайуанды өлтіруге қия алмадым.

 

Тәңірім, жәрдем бергей адасқанға,

Шығады қара жердің шаңы аспанға.

Хабар жоқ, көптен бері Мұқанжаннан,

Берейін бес жүз теңге бал ашқанға.

 

Келеді Жайық суы тасиын деп,

Барамын арғы бетке асайын деп.

Дініме бір кеселдік шылым тартам,

Күйігін Мұқанжанның басайын деп», – деп жырлаған.

Осы екі өлеңнің өзі түсінген кісіге біраз нәрседен хабар беріп тұр. Бұл өлеңнен біз Аманғалидың ет пен сүйектен жаратылған, жазықсыз «банды» аталып, кең Нарынға сыймай, басын анда да, мында да соғып, екі оттың арасында қалып,  «Тәңірім, жәрдем бергей адасқанға» деп  налыған ниеті дұрыс адам екендігін көреміз. Өзінің артына түскендерге қанша ашулы болса да, ол кісі өзінің мойнына адамның қанын жүктемеген. Оны соңғы өлеңіндегі «Үйіне Отарғали екі барып, хайуанды өлтіруге қия алмадым» - деген жолдар дәлелдейді. Жақында маған Аманғалидың қандай да болмасын жағдайда кісі өлтіруге бармайтын адам болғандығын дәлелдейтін тағы бір тың деректі алудың сәті түскен еді. Ол дерекпен Атырау облысы мектептерінде директор, облыстық білім басқармасының бастығы болып істеген Серік Жұбанұлы Сапанов бөліскен еді.  Ол: «Бұдан көп жыл бұрын Батыс Қазақстан облысында орналасқан атақты шипажай «Ақ Жайықта» демалған едім. Бір күні шипажайға келген бір ақсақал артынып, тартынып машинадан түсіп жатыр екен. Соғысқа қатысқан адам екенін кеудесіндегі түрлі марапаттарынан біліп, жақын барып амандастым. Ауыр чемоданын нөміріне дейін жеткізіп бергеннен кейін мені іш тартып, әңгімеге тартты. Сол әңгімелесулердің бірінде ол маған: «Сәке, осы сіздің жақта 20-шы жылдары банды Аманғали деген болған ғой, ал мен сол кісіні бала кезімде көрдім және ол кісі адам біткеннің сұрмергені екен, мен соның куәсі болдым. Ол кезде мен 7 жастағы баламын, біз отбасымызбен жазда Фурманов ауданына қарасты малшылардың жайлауында киіз үй тігіп отырған едік. Бір күні түске жақын үйіміздің қасынан он шақты салт атты жедел жүріспен еңістікте орналасқан көлге барып, аттарынан түсіп, оларды суарып, өздері де жуынып-шайынып алғаннан кейін біздің үйге қарай бет алды. Бұлардың арасында ерекше көзге көрінгені ірі жирен атқа мінген бойы ортадан жоғарылау, төртбақ, жауырыны қақпақтай, қияқ ұзын мұртты адам, атақты Аманғали болып шықты. Оның қасындағы көзі оттай жанған өте ажарлы жас әйел, Аманғалидың жары Мұқсина екен. Бәрі де иықтарына қару асынып алған, біреуінің атына өңгеріп алған қойы бар екен, оны дереу жерге түсіріп, әп-сәтте сойып, бұтарлап, менің әкемнің рұқсатымен лезде қазанға асып, астына от қойып, еті піскеннен кейін, бәрі қауқылдасып ас жеуге отырды. Бала болсам да байқағаным, Аманғали өте сақ адам екен, келісімен өзінің қарамағындағы жігіттердің арасынан бойы аласа, шағындау біреуін айналаны жіті бақылау үшін үйдің сыртынан өрмелетіп, шаңырақтың үстіне шығарып қарауылға қойды. Өзі менің әкеммен және жолдастарымен жайбарақат әңгімелесіп, тамақтанып отырды. Арасында домбырамен ән де шырқалды. Бір мезгілде қарауылда отырған жігіт жан даусы шығып, алыста көздің ұшында көп аттылардың келе жатқанын хабарлады. Бір қызығы, Аманғалидың отряды солардан қашып келе жатып, біздің үйге тап болды ма екен, әлде бұндай жағдайға бұлардың еттері өліп кетті ме екен, әйтеуір Аманғалидан бастап, ешқайсысында асып-сасу атымен болған жоқ.  Жаңағы хабардан кейін Аманғалидың өзінен басқалары аттарына мініп, батыс жаққа қарай қатты желіспен кете барды. Мен керегенің жанында отырып, соның бәрін көріп отырдым. Ал Аманғали асқа тойып алып, керегенің қасында қисайған күйі, сырттағы жағдайды бақылап жатты. Бір мезгілде мұздай қаруланған көп салт атты адамдар, біздің үйге соқпастан анау батысқа қарай көздің ұшында кетіп бара жатқан шағын отрядтың артына түсіп, шаба жөнелді. Сол кезде киіз үйдің ішінде жатқан Аманғали атып шығып, ас пісіретін ошақтың жанына бір секіріп барып, жүресінен отыра қалып, винтовкасын шауып бара жатқан отрядқа бағыттап, гүрс еткізіп атып келіп жіберді.

 Мына ғажапты қараңыз, Аманғалидың көздеп атқан оғы отрядтағы 30-40 адамның ішінен ең алдында арсалаңдап шауып бара жатқан милиционердің өзіне тимей, атының алдыңғы аяғына тиіп, жаңағы әумесердің  ат-матымен кескен теректей жалп ете түскені мұң екен, бүкіл отряд сол жерде кілт тоқтап, кейін бұрылып, алды-арттарына қарауға да шамалары келмей басқа жаққа қарай шауып бара жатты»-деді.

Бұл жерде мен Аманғалидың бойына біткен бірнеше қасиетімен оқушымен бөліскім келеді. Біріншіден, ол өзінің советтік органдарға қарсы күресінде ешқашан кісі өлтіруді мақсат етпегенін және сол жолдан таймағанын ерекше айтуымыз керек. Себебі түбінде «күштінің құйрығы диірмен тартады» дегендей, үкіметтің бәрібір өзін тұтқындайтынын біле отырып, ату жазасынан құтыламын деп есептеген шығар. Екіншіден, осы оқиғадан біз Аманғалидың өте ақылды, әрі ерекше мерген адам болғандығын, сонысын пайдаланып, өздерінен бірнеше есе көп жауларына тұтқиылдан оқ атып, зәрелерін кетіріп, өздерінің соның нәтижесінде бұл жолы аман қалғанын көріп отырмыз. Бұл жерде талайды көрген Аманғали өзінің жауларына тұтқиылдан психологиялық соққы беріп, өзін де,  жолдастарын да аман алып қалған.

Негізі, Аманғали туралы естеліктерден біздің білгеніміз, ол кісінің өзіне тән кемшіліктері мен осал тұстары аз болмаған сыңайлы. Өзінің өлеңдерінде айтылғандай, Аманғалидың екі үлкен кемшілігі болса керек. Ол-  жақсы  ат пен  сұлу әйелдерге деген шамадан тыс құмарлығы. Осы құмарлық ақыры оның түбіне жетсе керек. Жалғыз Аманғали емес, сол кезде жауласқандар реті келсе өздерінің дұшпандарының әйелдерін ақы ретінде алып кетіп отырған. Бұл «тағы дәстүр» өздерін сыйлайтын  қазақтар үшін ең бір барып тұрған ауыр қорлық болып саналған. Кім өз еркімен қойнындағы қатынын «көлденең көк аттыға» бергісі келеді дейсің!

 Атышулы жеке батыр Аманғали туралы әңгіме болғанда оның қасында бірге жүріп, сол кездегі қатыгез биліктің барлық қуғын-сүргінін онымен бірдей көрген, өзінің жас өмірін қауіп-қатерге асқан ержүректілікпен тіге білген жас әйелі Мұқсинаны қалай еске алмассың! Қаршадай жас әйелдің бойына бес қаруын асынып алып өзінің жауларымен болған шайқастарының бірін көздерімен көрген, сол Аманғалиды өзінің үйіне қабылдап, қонақ еткені үшін Орал түрмесіне қамалып, сонда қаза болған адамның тағдыры туралы сол кісінің немересінің естелігін жазып алудың сәті түскен еді.

– Мен 1968 жылы Индер ауданы Жарсуат елді мекенінде дүниеге келдім. Әкем Қабдолхамит Ахмедиярұлы 1921 жылы туған, Ұлы Отан соғысына қатысушы, еңбек ардагері болып дүниеден өтті. Біздің ата-бабаларымыз Беріш Қаратоқай, Аққұлы бөлімінен, Нарын құмындағы Мәмбет деген жерді мекендеген. 1920 жылдардың аяғына қарай совет үкіметі өз беттерімен жеке шаруамен айналысып отырған халықтың мал басын есепке алып, ұжымдық шаруашылықтарды құру ісін бастаған кезде біздің әулетіміз отырған жері Мәмбеттен үдере көшіп, Орал өңіріне қарай бет алыпты. Әкем Қабдолхамиттың айтуынша, бұлардың меншігінде бірталай ірі қара, ұсақ жандықтар болыпты.  Шамамен 1928 жылы болса керек, бұлар Орал облысының аумағындағы бір қамысы, ықтыны көп жерге келіп тоқтап сол жерден жеделдетіп жер қыстау қазып, бүкіл отбасымен сол жерде қыстап шығыпты. Жазға қарай сол жерге киіз үйлерін тігіп отырыпты. Күндердің бір күнінде бұлардың ауылына суыт жүріспен бір топ салт атты келіп тоқтаған. Үйде әкемнің әжесі Жамиға мен әкем Қабдолхамит болған. Қабдолхамиттың әкесі  Ахмедияр малдың шаруасымен үйде болмаған.

Салт атты адамлардың бәрі үстеріне қару мен патрондар асып алған. Іштерінде екі бүйіріне екі наган таққан бір жас әйел болған. Үйге тақап келгеннен кейін салт аттылардың екеуі, біреуі жаңағы әйел аттарынан түсіп, үйге кірген. 7-8 жастағы Қабдолхамит пен оның әжесі Жамиғадан басқа үйде ешкім болмаған. Үйге кірген ұзын бойлы, түсі суық ер адам әжеме қарап: «Апа, сәлем бердік. Сендер қандай ел боласыңдар, немен айналысасыңдар, советтің адамдары емессіңдер ме?» деп сұрады, – дейді менің әкем.

Әжем: «Қарақтарым, біз бір кеңестің зорлығынан қорқып көшіп жүрген жандармыз, жел айдаған даладағы қаңбақ сияқты. Негізі, біз Мәмбеттің Қаратоқай руынан Аққұлылармыз», депті. Сонда ер адам:

«Е-е, белгілі болды, сендерден қауіп жоқ екен ғой» деген. «Ал, мен естулерің болса, себек Аманғали деген боламын, мынау менің әйелім Мұхсина, сырттағылар менің жігіттерім» депті. Содан соң ерлі-зайыпты екеуі өзара дыбыстарын көп шығармай сөйлесе бастады дейді. Сол кезде Аманғалидың көзі үйдің сыртында байлаулы тұрған ірі қара айғырға түсті дейді. Аманғали біраздан кейін менің әжем Жамиғаға басын бұрып: «Апа, мына айғырға мен қызығып отырмын, менің астымдағы атым ұзақ жүрістен болдырып, осы жерге азар жетті. Мен негізі өзіме қажетті аттарды ешкімен сұрамай мініп жүре беретін едім. Бұл жолы сізден ұялып, айғырды сұрап алғым келіп отыр. Орнына өзімнің атымды тастап кетемін» депті. Сонда менің әжем: «Қарағым, мен неге бермейін, ол айғырды саған. Сен де Алаштың бір баласысың, қажет болса, ала бер» депті. Сол кезде үйге атам Ахмедияр кіріп келіпті. Аманғали оған алая қарап, «Сен кімсің, советтің адамы емессің бе?» – деп ақырыпты. Сонда әжем: «Бұл менің балам, советке ешқандай қатысы жоқ, одан да сырттағы адамдарыңды үйге шақыр, барымен қонақ боласыңдар» депті. Содан Аманғалилар біздің үйде барымен тамақтанып, қонаға қалған көрінеді. Әкемнің айтысы, таңға жақын бұлардың ауылында Аманғалилардың қонып жатқанын біреулердің көрсетуімен білген Ішкі Істер Халық Комиссариатының әскерлері  тұтқиылдан шабуыл жасап, үкімет әскерлері мен «банданың» арасында кескілескен шайқас басталған. Таңертең елең-алаңда басталған шайқас екі сағатқа созылды дейді әкем. Аманғали үйдегі көпшіктерді шынтағының астына қойып тұрып, өзінің жауларымен атысқанда, әйелі Мұхсинаның көз ілеспес шапшаңдықпен сүйіктісінің мылтығын оқтап беріп отырғандығы аздай, арасында өзі де керегеден сығалап, наганмен жауларына оқ жаудырғанын әкем көзімен көріпті. Бір мезгілде атыс аяқталып, екі жақтан шығын болғаннан кейін, Аманғалилар тірі қалған өз адамдарымен сол жерден іздерін жасырып үлгеріпті. Осы оқиғадан кейін көп ұзамай біздің үйге милициялар келіп, менің атам  Ахмедияр Құлмағанбетұлын Оралдың түрмесіне алып кетіп қамаған көрінеді. Одан кейін атамнан тек бір рет қана хат келген. Артынан жөн білетін сауатты туысқандарымыз Орал түрмесіне жолығамыз деп барғанда, ол кісінің өлігін носилкаға салып, үстіне өзінің ескі бешпетін жауып жерлеу үшін алып шығып бара жатқандарын көріп, ауылға кері қайтқан көрінеді, – деді Мұрат Ахмедияров.

Аманғалиды халқы әр кез құшақ жайып қарсы алып, оған ән салдырып, әнін тыңдаған. Соңында асқақ рухты әндері, өлендері қалды. А.В.Затаевичтің «Қазақтың 1000 әні» кітабына №340 «Аманғали», №380 «Аманғалидың әні» екі әні нотасымен енген. Аманғали туралы белгілі композитор әрі жазушы Ілья Жақанов, атыраулық қаламгерлер Т.Тінәлиев, ақын Т.Досымов, сондай-ақ Л.Қапашев «Аманғали банды ісі» кітабын және зерттеу мақалалар жазып, деректі кинофильм түсірген.

 

Шахман Нағимов,

Х.Досмұхамедов атындағы

Атырау университетінің профессоры,

Атырау қаласы

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

AQPARATPRINT