АЛҒЫС АЙТУ КҮНІ – БІРЛІК ПЕН ДОСТЫҚТЫҢ ЖАРҚЫН МЕРЕКЕСІ

Шуақты көктемнің алғашқы күні – еліміз үшін айтулы мерекелердің бірі. Бұл күн – еліміздің тарихына құрмет көрсетіп, бір шаңырақ астына ұйысқан ұлт пен ұлыстың бір-біріне алғыс айтатын күні. Қазіргі таңда отанымыздың түкпір-түкпірінде әртүрлі ұлт өкілдері дәстүрлері мен өмірілік ұстанымдары ұштасып, еңбек етіп, тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Айтулы мереке қарсаңында  махамбеттіктерге жақсы таныс интернационалды отбасылардың бірі – Тудаковтар жайлы жазуды жөн көрдік.

Александр Тудаков Махамбет ауылының тұрғыны.  1952 жылы 24 ақпанда  бұрынғы Жаманқала селосында  қарапайым отбасында өмірге келген.  Әкесі  Тудаков Александр, ал анасы Тудакова Александра жол саласының адагерлері болған. Ал өзі қырық жылдан аса уақыт электр маманы болып еңбек еткен.

- Осы Махамбетте туып-өсіп, әр түрлі ұлт  өкілдерімен дос болдым. Бір мектепте, бір сыныпта білім алып, бір үйдің баласындай тату-тәтті болып өстік. Барлығы да бауырмал  болды. Жанұяда 2 ағам, 2 апам,  5  ағайындымыз. Барлығымыз өсіп-өніп, отбасын құрдық. Өзіміз, одан кейін балаларымыз беларус, украин, кәріс, неміс, татар, армян, қазақ ұлттарымен шаңырақ көтеріп, интернационалды отбасы атандық. Әрқайсысы өз алдына үлгілі жанұя болып, өмірлері жалғасып жатыр. Өзім 1981 жылы отау құрдым. Өмірге екі қыз, үш ұлымызды тәрбиелеп, өсірдік. Қазіргі таңда балаларымыздың алды аяқтанды. Қызымды қияға, ұлдарымызды ұяға қондырып, қазақ отбасыларымен құдандалы болып отырмыз, - дейді Александр Тудаков. 

 

Александр Тудаковтың өте еңбекқор, адал, қарапайымдылығын  көпшілік жақсы біледі. Бұл сөзімізді көршісі Меруерт Маханова да  растайды.

- Жасыратыны жоқ, алтындай көршілеріммен қай кезде де мақтана аламын. Қаншама жылдар бойы көрші болып араласып, сыйластығымызға сызат түскен емес. Александр мен Күлән, оның балалары да әрқашан үлкенге құрметін, кішіге ізетін көрсетіп жүретін, өте бауырмал, қайырымы мол адамдар. Ешкімді түріне, тіліне, дініне бөліп-жаруды білмейтін, бәрімен бірдей араласып, құрметтей білетін тәрбиелі ұрпағы көз сүйісінтеді. Александрдің еңбекқорлығы соншалық әлі күнге қорасындағы азын-аулақ малын қарайлап, тауық, қаз өсіріп, соларды күтіп-баптап бір тыным таппайды. Сол тынымсыз еңбектің нәтижесі болса керек, денсаулығы мықты, отбасы берекелі, қай жерде де сыйлы. Нағыз үлгі аларлық жанұя деп едім, - дейді көршісі Меруерт апа.

Ер азамат үшін үйленіп, үй болу басты мақсаттардың бірі. Өзіне жақсы жар іздеген орыс ұлтының өкілі  Александрдің жүрегін селт еткізген ару  қазақ қызы Күлән Хисина болды. Ол 1954 жылы 21 қарашада Махамбет ауылында дүниеге келген. Алғаш еңбек жолын 1972 жылы телефонистка болып бастап, кейін табан аудармастан байланыс саласында табысты 40 жыл еңбек еткен. 2013 жылы зейнеткерлік демалысқа шығып, бүгінде көп жылғы еңбегінің  зейнетін көруде.    

- Өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шығатынымды естігенде ата-анам қарсы болмады. Жолдасым өте жақсы адам. Ешкімнің ала жібін аттамай, адал жолмен нәпақа тауып, отбасын асырады. Міне, биыл отау құрғанымызға 43 жыл толмақ. Өмірдің барлық қызығы мен қиындығын бірге көріп келеміз. Сен-мен деп ұлтқа бөлінбей, екі жақтың да дәстүріне құрметпен қарап, сыйластығымызды жоғалтпадық. Туған-туыстарымызбен де, көршілерімізбен де татумыз. Меруерт апа, Ұлдай апа, Күләш апа, Сараламен жақын араласып, қуаныш пен қайғыда да бір-бірімізге демеу болып келеміз. Бәріне алғысым шексіз, - дейді Күлән Хисина.

Бүгінде Александр ағамыз 72 жаста, Күлән апамыз 70 жасқа толмақ. Әр атқан таңына шүкір етіп, ұл-қызынан тараған 13 немере-жиендерінің қызығын көруде. Қыздарының үлкені Жанна қызылордалық қазақ жігітіне тұрмысқа шықты. Үлкен ұлы Сергейдің жолдасы Света Ақтау қаласынан. Алексей ұлы мен Айтолқын келіні ата-аналарымен жарлас көрші тұрады.  Енді кенже ұлдары Русланға жақсы жар кезігіп, отбасылы болса деп тілейді. Ал, қыздары Айдана  болса жоғары оқу орнының студенті. 

- Адам ұрпағымен мың жасайды дегендей, бүгінгі таңда осы ұрпағымыздың қызығын көрудеміз. Отбасы бақыты деген осы емес пе? Балаларымызға ризамыз. Еңбекқор, адал, әрқашан көмектесуге дайын тұрады. Тіл-көзден аман жүрсін. Алғыс айту күнінде жолдасыма, туыстарыма, балаларыма,  көрші-көлемге және барша аудан тұрғындарына зор алғысымызды білдіре отырып, елімізге тыныштық, дендеріңізге саулық, бақ-береке тілеймін, - дейді кейіпкеріміз.

«Тілі басқа болса да тілегі бір, жүзі басқа болса да жүрегі бір» дегендей, ынтымағы мен ырысы, берекесі мен бірлігі жарасқан осындай интернационалды отбасылардың тілегі де, жүрегі де қашанда қазақ халқының тарихымен біте қайнасып жатқаны шындық.

Б.САПАРОВА

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521