Алғыс алған арымас

Жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу, мұқтаждарға көмек беру – халқымызда ежелден қалыптасқан асыл қасиет. Арамызда осындай қайырымдылық ісімен арамыздағы жоқ–жітік, мұқтаж жандардың мекеніне барып, азық-түлік таратып, халықтың алғысына бөленіп жүрген жастарға риза боласың.

Олардың бұл игілікті ісін әлеуметтік желіден де көзіміз шалып қалады. Индер жастар ресурстық орталығының директоры Темірлан Бертілеуовтің айтуынша, соңғы бір ай көлемінен бері аптасына бір рет екі отбасыдан азық-түлік таратылуда екен. Оның ішінде бір қуыратын тамақ қана ғана емес, әрбір дорбада астық, секер, күріш, шемекі май, пияз, картоп, шай, кәмпит сынды 20-30 мың теңгеге шығатын қоры бар екен.

-Мұқтаж адамдардың тізімін жергілікті округтен алып, ауыл жастарын ұйымдастырып таратып отырмыз. Ал оның негізгі қаржысын ұйымдастырып отырған жеке кәсіпкер Қуат Жанесеев, - деді аталмыш орталықтың директоры Т.Бертілеуов сөзге тартқанымызда.

Соңғы жылдары қайырымдылық ісімен халықтан алғыс алып жүрген жас жігіт Қуат Жанесеевті индерліктердің бәрі жақсы біледі. Өзі тағдырдың жазуымен жол апатына ұшырап арбаға байланса да өзгеге көмек қолын созумен жүр. Ол осыған дейін «Қаракет» қоғамдық қорының аудандағы мүшесі ретінде Есбол ауылынан мүмкіндігі шектеулі жан Нұрбектің отбасына, сырқат баласы бар жалғызбасты ана Айманға үй алып беруге көмектесті. Сондай-ақ индерлік кәсіпкерлер мен жомарт жандарды ұйымдастырып, қор құрып, Аққала, Өрлік, Елтай ауылдарындағы мүмкіндігі шектеулі балалары бар, жағдайы жоқ отбасыларға үй алып беруге көмектесіп, мұқтаж жандардың алғысына бөленді.

Мүмкіндігі шектеулі 5 балаға Түркияда емделуіне де қаржы жинап, жағдай туғызды. Бүгінде аз қамтылған отбасыларға ұдайы азықтүлікпен көмектесуге де атсалысуда екен.

-Жасыратыны жоқ, қазір арамызда көмек сұрайтын аз қамтылған отбасылар аз емес. Бірақ менің мақсатым шын мұқтаждарға көмектесу. Куә болып жүрмін, олар жұрттан көмек сұрай да бермейді. Көбіне жеке баспанасы жоқ, үй жалдап жүрген, мүмкіндігі шектеулі жандарға мүмкіндігінше көмектесуге ұмтыламыз. Әрине, бұл – жеке өзімнің емес, ауылдастардан қайырымдылықпен жиналған елдің ақшасы. Әуелі қиын жағдайға тап болған отбасының жағдайын баяндап, әлеуметтік желі арқылы жариялаймын. Оған құлақ асқан жеке кәсіпкер және басқа да тұрғындар өздерінің мүмкіндігінше көмек қолын созып қаржысын аударып, бірқатары азық-түліктей де көмектесіп жатады. Біз түскен қаржының бір тиынын да қалдырмай комиссия ұйымдастырып, ашық, әрі әділ болуы үшін де бейнебаянға түсіріп, мақсатына жұмсалуына баса назар аударамын. Әрине, оның бәрін қадағалап жүрудің өзі оңай іс емес. Мысалы, иесіне берілетін бір үйдің құжаттарын жинап жүрудің өзі бір бөлек жұмыс... Халықтың қарғысын емес, алғысына бөленіп жүргенге не жетсін, - дейді жеке кәсіпкер Қуат Жанесеев.

С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521