Парасат – «Атырау» командасының ойыншысы

Елтай ауылындағы қарапайым Ағидолла мен Рысжан Шариповтардың отбасында дүниеге келген ұлдаы Парасат Шарипов бүгінде облыс пен республика мақтанышы болған «Атырау» волейбол командасы құрамында бірнеше жылдан бері ойнап келеді.

Әрі ауылдастарына да бұл зор мақтаныш. Парасаттың алғашқы жаттықтырушысы, волейбол алаңына әкелген М.Сиранов атындағы орта мектептің дене тәрбиесі пәні мұғалімі Болат Тастанов шәкіртін үнемі мақтан етіп, тәжірибесін жастарға үлгі етуден жалықпайды.

-Шариповтар отбасындағы жеті баланың екіншісі Парасатты бесінші сыныпта-ақ алдымен бойшаңдығын байқап, волейбол, баскетболға тарта бастадым. Өзің білесің, біздің Елтайда бұл спорт түрлері сонау Ибрайым Жақияұлы мектепке келген кезден бастап қатты дамып, ауылға, ауданға таныла бастадық қой, - деп сөз тиегін ағытты тәжірибелі жаттықтырушы.

Көптеген ата-ана, әсіресе, ауыл баласының болашағын спортпен байланыстырғанын жақтыра бермейді. Тек соңғы кезде еліміз бен облыс бойынша спортқа қолдау, салқын көзқарас өзгерген соң ғана бұл мұзды ери бастағандай көремін. Жалпы қанша шеберлігі биік болмасын, алаңда жалындап ойнамаған спортшы спортшы емес. Оны жаттықтырушы Болат Тастанов үнемі шәкірттерінен талап етіп келеді. Жаттықтырушының әр ойын сәтінде сырттай көргенімізде күйіп-пісіп жүретіні де сол.

Парасат мектепте оқып жүргенінде алаңдағы және өмірдегі де достары Бейімбет Кенжеғалиев, Мәди Жалиев, Қанағат Мысабаев, Дастан Досмағамбетов, Мақсат Өтепқалиев, марқұмдар Мейрамбек Тастанов, Бектас Мұратовтармен 2008 жылы Атырау қаласында өткен мектеп оқушыларының спартакиадасындағы ақырғы ойында Махамбет ауданын 3:0 есебімен ұтып, облыс чемпионы атанып, аудан және ауыл абыройын асқақтатқан болатын.

Сөйтіп, ауыл мен қаладағы басты айырмашылық-жас спортшының мүмкіндігі кеңейіп, облыс, республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысуға кең жол ашылды деген сөз. Соның арқасында, ауыл баласы университетте оқып жүргенде 2011 жылы «Атырау» волейбол командасының қосалқы тобына ойыншы болып қабылданып, ойнай бастайды. Осы құрамда жүріп, 2014 жылы «Б» тобының жоғары лигасында республика чемпиондығын жеңіп алады. Ал бұл өсу тоқтамай, 2015 жылы жоғары лигада үшінші орын, одан соң 2016 жылы «А» тобында Ұлттық лига біріншілігінің жеңімпазы атанады. Міне, ағайын, өзі де үш баланың әкесі болған, Қазақстан Республикасының «Спорт шебері», қарапайым отбасынан шыққан Парасат Ағидоллаұлының спорт жолындағы мерейді өсірген жетістіктері осындай.

С.ХАЛЫҚОВ.

Елтай ауылы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT