Бас прокуратурада Президент Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дәдебайдың қатысуымен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмыстық қатерлерді болжау саласындағы заманауи цифрлық және аналитикалық құралдардың тұсаукесері өтті.
Іс-шара барысында қылмыстық қатерлерді ерте анықтауға арналған медиа-кеңістікті мониторингілеу жүйесінің мүмкіндіктері, «e-Өтініш» платформасындағы азаматтардың өтініштерін талдайтын ЖИ-агент және оларды тиімді қарау шаралары, көшедегі қылмысты, сыртқы киберқатерлерді болжауға бағытталған пилоттық жобалар, сондай-ақ «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету мақсатында халыққа құқықтық көмек көрсетуге арналған мобильді қосымшалар, «ақылды» қылмыс пен жол-көлік оқиғаларының геокарталары және елдегі прекурсорлар мен химиялық заттардың айналымын бақылауға арналған Таргетинг-орталық таныстырылды.
Сондай-ақ «Цифрлық қадағалау» жүйесі және оның тұлғаларды іздестіру, қылмыстық жазалармен пробацияның орындалуын бақылау, сотталғандарды ресоциализациялау, әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша істердің заңдылығын талдау бағытындағы функционалдары көрсетілді.
Жүйеге 60-тан астам мемлекеттік органның деректер базасы, «ақылды» бейнекамералар мен дрондар қосылған. Бұл прокурорларға құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласында уәкілетті органдардың өз функцияларын орындауын онлайн режимде қадағалауға мүмкіндік береді.
Халықтан келіп түсетін сигналдарды талдап, оларға ең ерте кезеңде жедел әрекет ету мақсатында төтенше коммуналдық қызметтерді Бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметке(БКДҚ-112) біріктіру бойынша мемлекеттік органдармен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндалды.
Президент тапсырмаларын іске асыру аясында Құқықтық статистика және арнайы есепке алукомитетін трансформациялау жүргізіліп жатқаны атап өтілді. Оның құрылымында 4 ай бұрын Қылмыстық қатерлерді болжау орталығы құрылды.
Орталықтың негізгі міндеті – қоғамдық қауіпсіздікке төнетін сыртқы және ішкі тәуекелдерді алдын ала анықтауға және қылмыстың алдын алуға бағытталған заманауи болжамдық-талдамалық қызметті жүзеге асыру.
Уәкілетті мемлекеттік органдарға сыртқы криминалдық қатерлер туралы және олардың алдын алу жөніндегі ұсынымдармен 25 хат жолданды, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бұрын белгісіз болған қылмыстық әрекеттердің жаңа түрлері мен тәсілдері туралы халық хабардар етілуде.
Бас Прокурор Берік Асылов атап өткендей: «Орталықтың құрылуы – қылмысқа жауап қайтарудан оны алдын ала болжауға көшу жолындағы маңызды қадам. Бұл жасанды интеллект, аналитика және цифрлық шешімдерге негізделген».
Елдегі ғылыми-зерттеу институттарымен өзара іс-қимылды нығайту мақсатында 7 ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Аналитикалық және цифрлық шешімдерді енгізуге консультативтік қолдау көрсету үшін депутаттар, IT және ғылыми қауымдастық өкілдері қатысатын Консультативтік-сараптамалық кеңес жұмыс істейді.
Енгізіліп жатқан аналитикалық және цифрлық құралдар нақты практикалық нәтижелер көрсетуде. Мәселен, Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі ақпараттық жүйесін Ұлттық Банктің Антифрод-орталығымен, сондай-ақ ұялы байланыс операторлары мен банктерден келіп түсетін фрод-инциденттер туралы мәліметтермен біріктірудің арқасында кибер-алаяқтық бойынша қылмыстық істерді тіркеу үлесі 2 есе өсті. Бұл жәбірленушілердің құқықтарын қорғау бойынша іс-шараларды жедел қабылдауға мүмкіндік берді.
Қылмыстық істер бойынша «Цифрлық көмекші» зияткерлік моделін апробациялау жалғасуда. Бұл модель тергеушілерге тергеуді жоспарлауға, ауызша сөйлеу мен бейне жазбаларды мәтінге айналдыруға, сондай-ақ айғақтарды талдауға көмектеседі. Аталған модельдің көмегімен 76 айыптау актісі, 314 тергеу жоспары жасалып, жауап алу хаттамаларының 67 транскрибациясы орындалды.


