Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан активі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын талқылады.
Актив жиналысына аудан әкімі, орынбасарлары, мекеме, бөлім басшылары, ардагерлер мен жастар және БАҚ өкілдері қатысты. Алдымен актив жиналысын аудан әкімі Салауат Өтеғұлов ашып, Мемлекет басшысының Жолдауы - ел дамуының сапалы жаңа деңгейіне шығуы үшін атқарылуы тиіс жұмыстардың басым бағыттарын белгілеп бергенін жеткізіп, Президент Жолдауында белгіленген тапсырмаларды іске асырудағы ауданның атқарушы органдарының жұмысы туралы баяндама жасады. Актив жиналысында Президент жолдауында айтылған жаңа реформаларға ауылшаруашылығы саласының ардагері Қуанғали Ғабсаламов, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Дина Аренова, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, жас ұстаз Баубек Бакишев пікір білдірді.
Жиынды аудан әкім Салауат Өтеғұлов: -Жолдауда көтерілген мәселелердің халқымыз үшін маңыздылығы зор. Президентіміз өзінің осы Жолдауы арқылы алдымызда тұрған мақсат-міндеттерді тағы бір айқындап берді. Ең жақсы жоспар – заман талабына бейімделген жоспар. Біз заманның беталысына қарай межелерімізді белгілеп, жоспарымызды нақтылап отыруымыз қажет,-деп қорытындылады.