Өткен жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы аталып өтті. Бұл еліміздегі этносаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты нығайту жолында табанды еңбек етіп келе жатқан бірегей институттың мерейлі белесі. Осы жылдар ішінде Ассамблея қоғамда өзара сенім мен сыйластықты қалыптастырып қана қоймай, азаматтық қоғамның саяси кемелденуіне, ішкі тұрақтылықтың сақталуына елеулі үлес қосты. Этностық және діни ерекшеліктеріне қарамастан, әрбір азаматтың Конституциямен кепілдік берілген құқықтары мен бостандықтары толық сақталатын этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделі қалыптасты.
30 жыл ішінде Ассамблея қызметі бірнеше кезеңнен өтті. Алғашқы кезеңде этностардың мүдделерін үйлестіретін алаң ретінде қалыптасса, кейінгі жылдары келісім үлгісі институционалдық тұрғыда нығайтылды. Мемлекеттік бірегейлікті қалыптастыру, тіл саясатын дамыту, этносаралық және конфессияаралық келісімді жетілдіруге бағытталған маңызды бағдарламалар қабылданды.
Кейінгі кезеңдерде Ассамблеяның қоғамдық-саяси рөлі күшейіп, заң шығару үдерістеріне қатысуы артты. Парламент қабырғасында ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған депутаттық бірлестіктердің құрылуы соның айқын дәлелі. Сондай-ақ Ассамблея мемлекеттік органдарға ұлтаралық саясат, көші-қон және әлеуметтік теңдік мәселелері бойынша тұрақты түрде консультативтік қолдау көрсетіп келеді.
Бүгінде ҚХА құрамында мыңнан астам этномәдени бірлестік, Аналар және Ақсақалдар кеңестері, «Ассамблея жастары», «Жомарт жан» орталықтары жұмыс істейді. Бұл құрылымдар қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтуға, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге зор үлес қосып отыр.
Жайық өзенінің бойындағы Атырау өңірі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан стратегиялық аймақ. Сонымен қатар бұл – қоғамдық келісім мен этносаралық татулық берік орныққан өңір. Мұнайлы өлкенің басты байлығы жер қойнауындағы қазынамен ғана өлшенбейді. Оның шынайы құндылығы – түрлі этнос өкілдерінің өзара сыйластық пен сенімге негізделген біртұтас қоғам қалыптастыра білуінде.
1995 жылы құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының аймақтық құрылымы Атырау өңірінде де жүйелі түрде дамып келеді. Бүгінде облыста 18 этномәдени бірлестік белсенді жұмыс істеп, өз мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтай отырып, ортақ қазақстандық құндылықтарды ілгерілетуге үлес қосуда. Бұл – сан алуан мәдениеттің бір мақсатқа, бір болашаққа ұмтылғанын көрсететін нақты мысал.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы 2025 жылдың 1 наурызында ресми түрде басталды. Барлық өңірдегі Достық үйінде «Бірлік пен татулыққа бастаған 30 жыл» мерекелік тақтасы ашылды. Этномәдени бірлестіктер, Ассамблея мүшелері мен қала тұрғындары қатысқан бұл тарихи әрі маңызды оқиға, ел тұтастығы мен берік тұғырының символына айналды. Өңірімізде 50 000 адамнан астам қатысқан 700-ге жуық шара ұйымдастырылды. Сонымен қатар Ассамблеяның әлеуметтік тұжырымдамасы аясында – «Ассамблея. Парламент. Мәслихаттар», «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі», «Жомарт жан», «Салауатты сана», «Адал Азамат», «Елдесу және татуласу», «Жаңа толқын», «Жеңіс – бірлікте» жобалары сәтті жүзеге асуда.
Атырау облыстық Ассамблеясы этносаралық өзара іс-қимыл мен қоғамдық диалогты дамытудың тиімді алаңына айналды. Өңірдегі Достық үйі қоғамдық келісім саясатын іске асырудың маңызды орталығы ретінде түрлі этностар мен буындардың басын қосып отыр. Жыл сайын өткізілетін мәдени-ағартушылық, әлеуметтік және қоғамдық іс-шаралар этностар арасындағы өзара құрмет пен сенімді нығайта түсуде. Әсіресе этнос жастарының бастамалары мен жобалары өңір қоғамындағы азаматтық белсенділіктің артып келе жатқанын көрсетеді.
Қазіргі таңда Атырау қаласында бой көтеріп жатқан Бейбітшілік пен келісім сарайы – Достық үйі осы бағыттағы жүйелі жұмыстың жалғасы болмақ. Бұл нысан алдағы уақытта этносаралық ынтымақтастықты дамытуға, жастарды бірлік пен толеранттылық рухында тәрбиелеуге арналған маңызды қоғамдық кеңістікке айналады.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық тарихы – бейбітшілік пен келісімнің, өзара сенім мен ортақ жауапкершіліктің маңызын айқындаған кезең. Ассамблея – сан алуан этносты бір елдің, бір тағдырдың төңірегіне топтастырған қоғамдық әрі рухани тұғыр. Ал Атырау облысы – осы қоғамдық келісім моделінің өміршеңдігін нақты істермен дәлелдеп келе жатқан өңірлердің бірі.
Аталған игі істер келер жылы да нәтижелі жалғасын таппақ. Оның дәлелі ретінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясын дамытудың 2030 жылға дейінгі «Бірлігіміз – әралуандылықта» тұжырымдамасын бекіту туралы Жарлыққа қол қоюы. Бұл құжат мәдениеттердің, дәстүрлердің және көзқарастардың әралуандығы жағдайында ел бірлігін сақтауға және нығайтуға бағытталған.
Отыз жылдық тарихында Қазақстан халқы Ассамблеясы халық дипломатиясының маңызды тетігіне айналып, еліміздің тұрақты дамуының кепілі болып келеді. Алдағы уақытта да Ассамблея ел бірлігін нығайтып, игі істердің ұйытқысы бола беретініне сенім мол. Бірлігі бекем елдің болашағы баянды. Қоғамдық келісім – тұрақты дамудың берік негізі.
Серік Жамбылұлы Шәпкенов,
Атырау облысының әкімі, облыстық Қазақстан халқы
Ассамблеясының төрағасы


