Жаназадағы ысырап, садақаның мейрамханада өтуі, бейіттерді хан сарайындай етіп тұрғызу соңғы жылдары белең алып барады. Осы орайда «Иманғали» мешітінің наиб имамы Мұрат Мұстафаевтың қатысуымен «Борат» мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен жиын өтті.
Наиб имам Мұрат Мұстафаев өзінің баяндамасында өңіріміздегі жаназа намазы мен жерлеу рәсімдерін, садақаларда ысырапшылдыққа жол бермей, бірізділікке түсірсек деген ұсынысын білдірді.
- Әсіресе, жақынынан айрылып, қапа болған әулеттің садақаларды мейрамхана жалдап шығынданбауына жол ашсақ. Қаделер мейлінше шаңырақтың өзінде өтсе. Жаназаның ортақ дастархан мәзірі бекітілсе. Халық арасында жаназа, садақалар рәсімін әуелгі кезекте Бас Муфтидің жергілікті жерде тағайындаған имамдарына жүктесе. Ал халық арасында молда атанып кеткен жандар тұрғылықты мекен-жайы бойынша мешіттерге тіркеліп, қолына арнайы құжаты берілсе, -деді ол.
Мұнан әрі наиб имам М.Мұстафаев жерлеу рәсімдерінде гүл қойып, суретін алып жүру де дінімізге жат екендігін, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасынан «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты жаңа кітапта осы мәселеге қатысты біраз мәселе қамтылғанын айтып өтті. Сонымен қатар наиб имам қаделерді үші, жетісі, қырқы, жүзі, жылы деп өткізіп, қайғы түскен үйге ауыртпалық салмай тек бір қадесін ғана өткізуді ұсынды. Яғни шариғатта мұндай қаделер өткізу міндет болмағанмен ұлттық салт-дәстүрімізде бұл көнеден келе жатыр. Сондықтан да тұрғындар арасында пікірталастар да орын алды. Мысалы, Қазақстаның Құрметті Жолшысы Қуан Иғалиев айтып өткендей, «үші мен жетісін біріктірсе ешкімнің қарсылығы болмас, бірақ қаделердің бәрін тыйып тастауға келісу қиын. Себебі, қаделерде марқұмды еске алады, ағайын-туысына көңіл айтады»,- деді. Облыстық ақпараттық талдау орталығының аудандағы маманы Қымбат Кәрім де қаделерде ысырапшылдық басымдығын, алайда бәрін бірдей тыйып тастау қисынсыз екендігін, себебі қаделердің өзінің орны мен тәрбиелік мәні бар деді.
Ауданның Құрметті азаматы Ерсайын Көшек садақаның үші мен жетісін бірге өткізуді қолдайтынын айта келе, көңіл білдірген адамдар дұғасын оқығаннан кейін шелпектен ауыз тиіп жүре берсе де болады-ау. Мейрамхана тойдың орны емес пе..., деген пікірін білдірді. Мұны көпшілік қолдады.
Сондай-ақ Елтай ауылының әкімі Ербол Дүйшім қандастарымыздың арасында ана тілінен гөрі орысша мен ағылшыншаға бейім болса, енді діндарлар арабша көбірек сөйлеуге пейілді екендігіне сын айтты.
-Ауыл-аймақтарда садақаларды өткізуде имамдар бола бермейді. Дұға оқып жүргендердің көбі арабша жаттап оқығанымен мәтінін түсіне бермейді. Сондықтан да қазақша нұсқасына басымдық берілсе, - деді Е.Дүйшім.
Аққала ауылының тұрғыны Марат Раушанов адам қайтыс болып, сүйек шығарылмаған кезде де көңіл білдіруге барған адамдарға дастархан әзірленіп, шай ішілетінін «ысырап» деп сынады. Құрылыс ауылының тұрғыны Сапар Құрмашев той кезінде бәрі де ақша шашуға жомарт болғанымен, қайғылы жағдайда келгенде сараңсып қалатын әдетті сынға алды. Аудандық ішкі саясат бөлімінің маманы Мөлдір Бопасова садақаны ғана емес, жас жұбайлардың тойымен қатар шілдехана, бесіктойларда да ысырапшылдықтың көп екендігін көтерсе, Көктоғай ауылының әкімі Мәмбет-қали Құсайынов көпшіліктің арасында бейіттерді де тұрғын үйден кем емес етіп тұрғызуға ұмтылатын, бәсекелестік барын баса айтты. Сонымен қатар басқа да тұрғындар өздерінің ұсыныстары мен пікірлерін білдірді.
Сауалдарға наиб имам М.Мұстафаев толымды жауап беріп, «көпшіліктің қолдауына орай қаделерлің ішінде үші мен жетісін біріктіріп, қолданысқа енгізіп, қаулы қабылдайық» деді.
Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаң-ғыру» атты бағдарламалық мақаласында ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке, орынсыз сән-салтанатқа жол бермей, керісінше, ұстамдылық, қанағатшылық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көрегенділік екенін атап өткенін айта келе, бүгінгі жиында бәрі кесіп-пішілмесе де халық арасында әлде де насихаттау жұмыстарының қажет екендігін, сонымен қатар бұрынғы қорымдардың кент ішінде қалғанын, Қаракей қауымының да кеңеюінен электр желісі сынды инфрақұрылым жүйелерінің астында қалып отырғанын, сондықтан да шет жақтан жаңа қорым белгілеу қажеттігін айтып, жиынды қорытындылады.
С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ.