Ұлттық мүдде оқулықтан басталады

Бүгін «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті Бибігүл Жексенбай мен «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғани Бейсембаев өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Қол қою рәсіміне Бас редакторлар клубының мүшелері және аймақтық БАҚ басшылары қатысып, өзара пікіралмасу онлайн режимінде өтті.

Тараптар бірінші кезекте оқулық мазмұнының сапасын арттыру мен сараптамалық қоғамдастықпен ынтымақтастық бойынша ақпараттық мәселелерді дамыту және қазіргі таңда күн тәртібінде өткір тұрған кітап оқу сауаттылығын көтеру бағыттары бойынша уағдаласты.

Шара барысында Ғ.Бейсембаев Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде айтқан бұқара халықты кітап оқитын ұлтқа айналдыру және ел азаматтарын кітап мәдениетіне баулуға қатысты тапсырмаларын орындау бойынша Медиа алыптарымен тізе қоса, бірлесіп жұмыс жасайтын кездің келгенін атап өтті. Сонымен қатар ол осы ынтымақтастық аясында ақпараттық сүйемелдеуге иек артып, өскелең ұрпақтың оқуға деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған жалпыхалықтық флешмоб өткізу туралы ұсыныс жасады.

«Біздің ұйымдар арасында жасалған меморандумның жоғары құндылығы мен мазмұнын атап өткім келеді. Бас редакторлар клубының барлық мүшелерінің атынан «Оқулық» орталығына әлеуметтік маңызды қызметінде үлкен табыс тілеймін және жемісті ынтымақтастық пен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниеттіміз», - деді Б.Жексенбай өз сөзінде.

«Баланың оқуға деген қызығушылығы, қоршаған ортаны кітап арқылы тануы – бұқаралық ақпарат құралдарының да басты назарында болуға тиіс. Өйткені бұл тіл мен ділді, экономиканы да қатар қамтиды. Егер осы бағытта сіз бен біз болып, нәтижеге ден қоя ынтымақтаса қозғалсақ, онда алдағы бес жылдың көлемінде қазақ БАҚ-ның дамуына да даңғыл жол ашылар еді», - деді Ғ.Бейсембаев.

«Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі 200-ден аса республикалық және аймақтық бұқаралық ақпарат құралдары басшыларының басын біріктіреді. Ал «Оқулық» РҒПО білімнің мазмұнын бағалау, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сараптау арқылы білімнің сапасын қамтамасыз етуге атсалысады. Орталық өзінің құзіреті шегінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің міндеттемелерін орындап, оқулықтардың сапасын арттыру, сондай-ақ өскелең ұрпақтың білімін жетілдіру бағытында жұмыс істейді.

Төменде Меморандум мәтінін қоса беріп отырмыз:

Өзара әріптестік туралы

«Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны атынан Жарғы негізінде әрекет ететін директоры Бейсембаев Ғани Бектайұлы бір тараптан және екінші тараптан «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі атынан Жарғы негізінде әрекет ететін президент Жексенбай Бибигүл Нұрғалиқызы бұдан әрі «Тараптар» деп атала отырып,

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің оқулықтар сапасын арттыру мен мазмұнына ұлттық құндылықтарды енгізу, өскелең ұрпақтың білімін жетілдіру бойынша жұмысын жан-жақты қолдап;

Қазақстан Республикасының рухани және интеллектуалдық тұрғыда жоғары дамыған, патриот азаматын қалыптастыру – мемлекеттің ғана емес, сонымен қатар азаматтық қоғам институттарының міндеті екенін ескере отырып;

тәлім-тәрбие негіздерін кеңінен түсіндіру мен жастар бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруде күш біріктіру және бірлесе іс-қимыл жасаудың қажеттілігі мен маңыздылығын растай отырып;

білім мен тәрбие берудің басты ресурсы болып табылатын оқу әдебиеттерінің сапасына жақсартудың маңыздылығына назар аудара отырып;

білім саласында болып жатқан процестер мен қабылданған шаралар туралы халықты жедел және шынайы ақпараттандырудың маңыздылығын, ақпараттық ресурстың стратегиялық мәнін түсініп, сенім, теңдік, ашықтық, міндеттерді орындауда адалдық қағидаттарын негізге ала отырып, төмендегілер туралы келісімге келді:

Осы Меморандумның мақсаттары:

1) Әріптестік қарым-қатынас. Тараптардың білім беру мазмұнын жетілдіру, оқулықтар сапасын арттыру бойынша БАҚ әлеуетіне иек арта отырып әріптестік-серіктестік қарым-қатынастарын қалыптастыру және ұзақмерзімді, өзара сындарлы ынтымақтастықты дамыту;

2) Ақпарат алмасу. Оқулықтар сапасын арттыру, мән-мазмұнын байыту мәселелерін БАҚ-та жариялау, сондай-ақ осы аяда өткізілетін конференциялар, түрлі іс-шаралар туралы ақпаратты, білім беру саласындағы заңнама аясында мағұлыматтар туралы Тараптар арасында өзара ақпарат алмасу;

3) Тәжірибе алмасу. Білім беру мазмұны, оқулықтар, БАҚ салаларында туындайтын мәселелерді тиімді және пәрменді шешу бойынша өзара тәжірибе алмасу;

4) Күш біріктіру. Білім беру мазмұнына, оқулықтарға этнопедагогика және психолингвистиканың, этномәдениеттің негізгі мәселелерін БАҚ-та кеңінен таратуда, ұлттық мәдениетті қайта қалпына келтіру, ана тілін құрметтеуде, қазақстандық білімнің өзекті проблемаларын шешуде, жастарды ұлттық намыс рухымен тәрбиелеуде Тараптардың ортақ күш біріктіруі;

5) Бірлескен іс-шаралар ұйымдастыру. Осы Меморандум аясында білім беру мазмұны, оқулықтар және БАҚ салалары және өзге де өзара мүддені білдіретін мәселелер бойынша бірлескен қоғамдық маңызы бар іс-шараларды өткізу.

I бап. Ынтымақтастықты ұйымдастыру

Осы Меморандумды іске асыру мақсатында оған қол қойған Тараптардың әрқайсысы:

1) Бірлескен бағдарламалар мен жобаларды әзірлеуге, сарапшылық жұмыстың жай-күйі мен барысы туралы қоғамды ақпараттандыруға бағытталған іс-шаралар өткізуге;

2) Жетекші сарапшылардың қызметін көпшілікке таныстыруға көмектесуге;

3) Қажетінше айына бір рет кездесу өткізуге ниетті. Сонымен қатар Тараптар кез келген мәселелерді талқылау үшін қосымша кездесулер өткізу жөнінде сұрау жолдай алады. Тараптардың кез келгенінен мұндай сұрау болған жағдайда кездесу ыңғайлы уақытта өткізілуі тиіс.

II бап. Ынтымақтастықтың формалары

Осы Меморандумға қол қоюшылардың әрқайсысы өзінің жарғылық мақсаттары мен міндеттері тұрғысынан:

1) Болашақ ұрпаққа шын жанашырлық көрсетеді, сөз еркіндігі мен ойын ашық айтуды қолдайды;

2) Оқулықтарды сараптау саласындағы жүргізіліп жатқан түрлендірулердің мәнін түсіндіру жөнінде мақсатты ақпараттық-насихат жұмысын жүргізеді. Бұл жұмысқа пікір алмасу алаңы ретінде БАҚ, оның ішінде интернет-ресурстары, республикалық телеарналар, радио және өзге де коммуникациялар мен интернет желісінің жаңа трендтерін пайдаланады;

3) Бірлескен жасампаз жұмыс ауанын жасауға, мамандардың біліктілік деңгейін арттыруға ықпал ететін ортақ іс-шаралар, жиналыстар, өзара консультация өткізеді;

4) Белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға атсалысады;

5) Жұмыстың өзге де шоғырландырушы формалары мен әдістерін әзірлейді.

III бап. Қолданылу мерзімі және өзгерістер енгізу

1) Осы Меморандум Тараптар қол қойған күннен бастап күшіне енеді;

2) Осы Меморандум аясында қарастырылған ақпарат жағдайға қарай қазақ және орыс тілдерінде алмасылады;

3) Осы Меморандумға Тараптардың өзара келісімі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуге болады. Олар жеке хаттамалармен рәсімделіп, Меморандумның ажырамас бөлшегі болып табылады;

4) Осы Меморандумның ережелерін түсіну немесе қолдану бойынша даумен келіспеушілік туындаған жағдайда Тараптар оларды келіссөздер және консультациялар арқылы шешеді;

5) Осы Меморандумдағы Тарап екінші Тарапқа жазбаша хабарландыру жіберу арқылы шыға алады және өзге тарапқа мұндай хабарландыру жіберген күннен 30 күнтізбелік күн өткен соң шыққан болып есептеледі;

6) Осы Меморандум Тараптардың ешқандай қаржылық міндеттерін болжамайды және қарастырмайды;

7) Осы Меморандум мемлекеттік тілде, Тараптардың әрқайсысында бір данадан, екі данада жасалады.

Осы Меморандум аясында 1-Тарап («Оқулық» Республикалық ғылыми-практикалық орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны):

Бірлескен дөңгелек үстелдерге, семинарлар мен конференцияларға қатысады;

2-Тарап пен оның мүшелерінің қызметін түсіндіруге көмектеседі;

2-Тараптың сараптама жүргізуге жататын материалдармен танысуға мүмкіндік береді;

2-Тарапқа сараптама процесіне жұмылдырылу және оқу әдебиетінің мазмұнын жақсарту арқылы білім сапасын арттыруға үлес қосуға мүмкіндік береді.

Осы Меморандум аясында 2-Тарап («Бас редакторлар клубы»):

Бірлескен дөңгелек үстелдерге, семинарлар мен конференцияларға қатысады;

1-Тарап пен оның мүшелерінің қызметін түсіндіруге көмектеседі;

Ақпараттық қолдау көрсету, әріптестік, тәжірибе алмасуға ықпал етеді;

Тараптардың өкілетті өкілі болып табылатын төменде қол қойғандар жоғарыда айтылғандарды құптап, Осы Меморандумды растады.

Осылайша, аталған Меморандум екі ұйымның қуатты жақтарын пайдалана отырып шығармашыл серіктес болып, елімізде заманауи білім беру жүйесінің жағдайы туралы қоғамды ақпараттандыруға ықпал етеді, жүргізілген сараптаманың ашықтығы мен мұқияттылығын қамтамасыз етуді көрсетуге көмектеседі, оқу әдебиетінің мазмұны арқылы көрсете отырып ұлттық құндылықтарды сақтауға және нығайтуға көмектеседі, озық дамыған зиялы жастарды қалыптастыруға оң ықпал етеді.

anatili.kazgazeta.kz

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521