Ерке есілдің жағасына көсіле сұлу бойжеткендей құлпырып келе жатқан Астананың – 20, талай дүлдүлдер мен батырлар мекендеген киелі жер, тамыры тереңнен бастау алатын Атыраудың – 80, қойнауы қазыналы, тарихы шежірелі Дендер өлкесінің 90 жылдық мерейтойына арналған «Менің елім – бақыт бесігі» атты мекемелер мен кәсіпорындар арасындағы көркемөнерпаздар байқауының шымылдығын Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп ұжымы ашты.
Кешті тамашалауға ағылған индерліктер жаңа мәдениет үйінің фойесіндегі мектеп ұжымының көрмесін тамашалап, біраз қолөнер бұйымдарымен танысты.
Шарада сөз алған аудан әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов Астананың 20 жылдығынан бастап, торқалы тойға толы жылы өтетін шаралардың мазмұнына тоқталып, байқаудың да негізгі мақсатын айшықтай айтты. Сондай-ақ байқауға қазылық ететін оның төрағасы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Тілепқалиева құрамында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Нұриев, аудандық мәслихат хатшысы Б.Сапаров, аудандық өнер мектебінің директоры Е.Сахипов, «Индер-Мәдениет» КМҚК директоры Е.Өтекенов, «Ынтымақ-Мәдениет» КМҚК қызметкері Ә.Омар және «Дендер» газетінің бас редакторы Ж.Амантурлин қазылық ететінін қаперге беріп, байқауға қатысушыларға сәт-сапар тіледі. Сонымн кеш «Гаухартас» киносының үзіндісінен бастау алды. Одан соң «Кеншілер кентіне айналған елді мекен» тақырыбында көріністе Индер жерінің қазба байлығына мол өлке екендігі көрсетілді. Сондай-ақ мың бұралған бишілер сахна сәнін кіргізсе, жігіттер квартеті «Туған жер» әнін шырқап, көпшіліктің алғысына бөленді. Сонымен қатар Айдана Қапашева Махамбеттің «Жұмыр-Қылыш», ұлт-аспаптар ансамблі Құрманғазының «Ақжелең» күйін орындады. Өз кезеңінде «Туған елім», «Ақ ерке-Ақжайық», «Еділ мен Жайық», «Дала дастаны» әндері де көрерменді ерекше әсерге бөледі. Ал Айкөркем Бақтыгерееваның Қ.Ахмедияровтың «Күткенде» қойылымы әсерлі көрінді.
Міне, осылайша мектеп мұғалімдерінің хор ұжымы Б.Айтбергеновтің «Жаса, Қазақстан!» және Т.Досымовтың «Дендерім» әнімен кешті аяқтады.
А.ДИАС.
Суреттер автордікі.