Осындай тақырыппен таяуда Атырау облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиямен бірге «Шаңырақ 2008» қоғамдық бірлестігі «Осындай болсын келінің» атты облыстық келіндер байқауын өткізген болатын.
Отбасының жағымды бейнесін қалыптастыруда, жақсы ұрпақты тәрбиелеуге бағыт беретін байқауға 8 үміткер қатысып, алты кезең бойынша сынға түсті.
Міне, ауданнан бәйгеге баптап қосқан елтайлық келін Айгерім Жолдыбаева сыннан сүрінбей өтіп, байқаудың үшінші орын мен 100 мың теңгенің сертификатын еншілеп қайтты. Бұл жөнінде кейіпкерімізбен тілдескенімізде байқаудың жоғары деңгейде өткендігін ерекше атап өтті.
Кейіпкеріміз жайында қысқаша тоқталсақ, Маңғыстаудың жерінде дүниеге келген Айгерім Елтайдағы Мизам Дүйсекенов ағамыздың шаңырағына 2008 жылы келін болып түсіпті. Содан бері осы шаңырақта ата-енесі, отбасымен, қайын інісі мен келінімен бірге тату-тәтті өмір сүріп келеді.
Диас АЙБАР.