Дәмін дарытып, әнін әуелетті

Дәстүрлі «Туған жерге тағзым» айдарымен ауданда өтіп жатқан ауылдық округтердің Индербордағы мәдениет күдерінің кезегі Елтайлықтарға тигенде олар бұл жұмысты ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін ұйымдастырумен бастады.

Жасыратыны жоқ, бүгінде дүкендердегі дайын, қалбырдағы, ыдыстағыдан гөрі барлық жерде бірдей табиғи өнімге деген сұраныс өсе түсуде. Ал мұндай тауарлар мен өнімдерді халыққа ұсынуда аудан орталығына жақын тұратын елтайлықтар тым-тәуір тәжірибе жинай бастады.

 Содан да болар Индербордағы «Алға» ет-сүт павильоны алдында сатылымға ұсынған олардың өсірген егіс өнімдерімен қатар ет, сүт, шұбат, қымыздарын да сатып алушылар қатары аз көрінбеді. Олардың қатарында тұрақты тұтынушылар тобы да қалыптасып қалғаны байқалады.

Солардың бірі 2006 жылы құрылған «Нұрлыбек» ШҚ округке қарасты «Өтек» қыстағынан  келіп тұр екен. Сатушы қожалық мүшесі Сағира Аяпова  осы жәрмеңкеге арнайы көрнекілік дайындап, сүт, құрт, шұбат, қымыз әкеліп, сатылымға шығарып тұрғанын әңгімеледі.

Ерте туған қозыларды сатып тұрған қос жігіт Ербол Бақтияр мен Болат Сариевтың айналасында да топтасқан жұрт  ауылдықтар ұсынған бағасын өздерінше екшеп, салмақтап жүр. Әрине, «Сауда сақал сипағанша» дегендей, олардың бір-екі басы өтіп үлгеріпті де.

-Округке қарасты «Сорқабақ» жайылысындағы «Нұрбол» шаруа қожалығынан жұбайым екеуміз келіп тұрмыз. Ол сүт өнімдерін сатуда. Күнбе-күн келе беретін жақын жер емес. Сондықтан да қозыларым мен әкелген басқа да өнімдеріміз өз бағасына өтіп жатса жақсы болар еді,-деген атақты шопан Бақтияр Мұқатовтың немересі Ербол қашанда ашық-жарқын көңілімен жарқылдап.

 Оның жанындағы «Көктөбе» қыстағын жайлап отырған «Бекзат» қожалығындағы әріптесі де оны қуаттады. Жәрмеңкеде «Алтын–Ана», «Владимир», «Әділет», «Аян» ШҚ өздеріне қарасты егіннің өнімдерін қолжетімді бағаға ұсынды. Бұл қатарда бұрыннан тұрғандарға таныс бөденелік «Тоқбай» ШҚ да болды. Болашақта олардың қатары да өсе түседі деген сенімдеміз.

 Елтайлық жас келіншек Мая Шөптібаеваның өз балаларына арнап тоқыған 13 түрлі киім-кешекті (кардиган) көрмеге қойыпты. Тіпті онысы көзді қызықтырады. Бәрінен де өз уақытын тиімді пайдаланып, базардан қомақты пұлға сатып алатын соңғы үлгідегі киімдерді қолдан тоқуын көпке үлгі етпеске де болмайды.Тәрбиеші Гүлфайруз Қазғалиева мен Света Енбаеваның шеберліктері келгендерді таң-тамаша етті.

Ауылдық округтің кешкісін «Жеңіс» бағындағы концерттік бағдарламасы аудан әкімінің орынбасары Мұхамбетқали Алдерзиннің түрлі науқандық шаралар қызып жатқан шақта индерборлықтар үшін осындай көңілді мезеттер ұйымдастырғаны үшін ризашылық сезімін жолдауымен ашылды.

Жалпы ауылдықтар дайындаған бағдарламада туған жер, ел туралы әндер мен жергілікті дарындылардың шығармаларына басымдық бергендері байқалды. Бұл Т.Досымов, И.Жакиев, Қ.Тілегенов, М.Қансұлтанов,  К.Ізімов, Р.Бөжекеновтің шығармаларының орындалуынан көрінді. Сахнада оларды қос Рафаэл Бөжекенов пен Аманжолұлының оқулары сол үрдісті аңғартты.

Сонымен бірге квартет пен дуэт  «Туған жер» әндерін, өнерпаз Айнұр Қайратқызы қобызбен  Ықыластың «Жезкиігін» шығарды. Барша қазақ елінің мақтанышына айналған Астанаға арналған әндер дегенде Мөлдір Азаматқызы және дуэт «Жайна, Астана» әндерін шырқаса, «Айкөркем» бишілер тобы ұйғыр, үнді билерін сахналады.

Негізгі атап өтер бір жаңалық, бұрынғылар И.Шахметов бастаған домбырашыларымен ерекшеленсе, соңғы жылдары Елтайда вокалды-аспапты ансамбльдер көптеп құрылып жүр. Олардың алды Астана, Алматыдағы ұжымдарда өнерлерін көрсетуде. Бұл жолы жастардың «Жалын», қыздардың «Шаттық» және «Назқоңыр» (жетекшісі Б.Ғабдысаматов) вокалды-аспапты ансамбльдерінің «Сезім шырағы»,  «Өлмейтіндер», «Қазағым», тағы да басқа әндерін  шырқады.

Жеке орындаушы өнерпаздар  Қуаныш Тұрсынғалиұлы, Әділбек Иманғалиұлы, Сабыржан Сержанұлы, дарынды жерлесіміз Айбол Баймұқатов пен Мәди Хамзиннің өнерлерін қашанда ауылдастары мақтан етіп, құрметтесе, оларға көрермендер осы концертте қуана қол соқты.

-Ауыл күніндегі спорттық шаралардың тартысты өтуіне кәсіпкерлер Бақтыбай Парасат, Ербол Шайдуллин, Құттыбай Амантурлин, Әділбек Тілегенов, Есен мен Сұлтан Жалиевтер, Аманғали Қамиев, Нұрғуат Кенжалиевтар үлкен үлестерін қосқанын атап өткім келеді,-деді округ әкімі Ербол Дүйшім кір тасын көтеру, арқан тарту, білек күшін сынау сайыстарының қорытындысын жария етіп, байрақтарды иелеріне табыс еткен соң сөзге тартқанымызда. Ал ол байрақтар да олқы болмады.

С.ХАЛЫҚОВ.

 

 

 

Соңғы жаңалықтар

podpiska_kaz

COVID 19

covid

Фотогалерея

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelszdkke-30-zhyl

COVID-19 инфекциясы

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 775 798 46 24     +7(7122) 45-85-21

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 2018 жылғы
16 мамыр күні тіркеліп, тіркеу туралы 17101-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Индер ауданы, Индербор кенті, Д.Қонаев-18.

Байланыс телефоны: 8 (712-34) 2-11-80, 2-15-26, 2-11-42 (факс)

Электронды пошта: dender_gz10@mail.ru




Яндекс.Метрика