Қаңбақтыдан ардақтылар шыққан

«Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі алсын қайдан кемеңгерді» дегендей, жалпақ даладағы қасиетті мекен Қаңбақтының түлегі, филология ғылымдарының докторы, профессор, әлеуметтік лингвистика саласы бойынша Қазақстандағы тұңғыш ғалым, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, жерлесіміз Бақытжан Хасанұлымен кездесуге аудан халқы көп жиналды.

Жаңа мәдениет үйінде өткен кездесуде көпшілікке жылы әсер сыйлаған  ғалымның туған жері суреттері мен оның ғұмырнамасы көрсетілді. Одан соң жақында ғана жерлесіміз Есенжол Домбаевтың шығармашылығы бойынша облыста өткен байқауда бас жүлдені иеленген «Ақ Жайық» халық театрының (жетекшісі Шаида Оразғалиева) кеш кейіпкері өмірінен алынған шағын қойылымы тамашаланды.

Қойылымның кеш авторына да ұнағаны соншалық, образдарды ойнаған әртістердің барлығына кітаптарын сыйға тартып, алғыс айтты.

Бүгінде 80 жастың белесінен көрініп отырса да үлкендікке берілмеген, жүріс-тұрысы ширақ, қалалыққа тән мінезі де ашық-жарқын Бағытжан Хасанұлымен кездесу сұхбат-әңгіме, сұрақ-жауап пен тілек арқылы өрбіді. Әріптесіміз Жанай Исламғалиұлы алматылық ғалымға бірнеше сұрақтар қойып, көппен бірге  орнықты да тағылымды жауаптар күтті. Ғалым да тартынып қалмай, көптеген сауалдарға кеңірек жауап беріп, көңілді отырды.

Ауданымыздың Қаңбақты ауылындағы Хасан ата мен Насипа ананың 10-ыншы баласы бастауышты осында оқығанымен жетіжылдықтан бастап, Жаманқалаға (Махамбет) аттанып,1955 жылы орта мектепті тамамдайды.

 Құрдастары болып, әуелі Мәскеудегі Тимирязов атындағы академияға құжат тапсырмақ болған балаң жігіттің таңдауы Атырауға барғанда  ауысып,  Алматыға аттанып, медицина институтына құжат тапсырмақ болады.

 Бірақ онда әрбір ауыл баласына тән құбылыстар, кей негізгі пәндерді жақсы оқыса да түрлі қиындық алдынан шығып, ақыры қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, онда үздік студенттер қатарында болады.

Ұстазы Белгібай Шалабаевтың  күштеуімен дипломды «М.Әуезовтың «Айбай жолы» эпопеясындағы афоризмдер» деген тақырыпты өте жақсы қорғап, аспирантураға қалдырылып, ғалым ұстазы М.Балақаевтың қарамағында жұмыс істеп, мол тәжірибе жинайды.

Ұстазы берген «Қазақ тіліндегі метафоралық тіркестер» тақырыбын тереңдей зерттеп, 1965 жылы табысты қорғап, ғылым кандидаты атанып, жеке монографиясы жарыққа шығады. Сөйтіп, ауылдан барған жігіттің ғылым даңғылы  басталып кете барады.

Бүгінде 500-ден аса ғылыми жұмыс пен 50-ге жуық монография авторы, сан шәкірттің ұстазы, сан ғалымның жетекшісі болған Бағытжан Хасанұлы  халықаралық А.С.Пушкин атындағы алтын медальдің иегері, әлемге танылған қазақстандық ғалым.

Бірнеше алыс-жақын шет елдердерде, Канада, қос Корея, Чехия, Болгария, Украина, Ресей, Душанбе, Ашхабад, Ташкент, тағыда басқа қалалар мен елдерде ұйымдастырылған конференция, симпозиумдарда әлеуметтік лингвистиканың өзекті мәселелері бойынша дәрістер оқыған.

Еңбектері бірнеше тілдерге аударылып, Қазақстанда бірінші болып әлеуметтік лингвистикадан докторлық қорғаған озық ойлы қазақ ғалымдарының бірі екендігін танытады.

 Ғалым сол кездегі Алматыдағы жағдай, руханияттың адам мен қоғам өміріндегі орны, ал латын әріптерін қолдануда компьютерлік дәрежеде қалып қоймай, бұл істің жүйелілігін қамтамасыз ету үшін тіл ғалымдарының көптеп тартылуы қажеттігін, сондай-ақ Өзбекстан мен Азербайжанның тәжірибесінен сабақ алу, олардың кемшілігін қайталамау маңызды екендігін алға тартты.

Спорттың адамға пайдалы жақтарының көптігін де жасырмады. Сол секілді құқықтану бойынша енгізген терминдерін көпке таныстырды.   Сонымен қатар залдан индерборлық тұрғын Самиғолла Ғалым мемлекеттік тілдің қолданылуы, үш тілділік жайы, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің жас мұғалімі  Қайырбек Кенжалиев әдістемелік оқулықтар бойынша, ауданның Құрметті азаматы Ғайни Габдуллина Жайық бойының алғашқы ағартушыларының еңбегі секілді сұрақтар қойып, тілектерін арнады.

Ал Есболдағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Өтеғұл Жалғасбаев ғалымға игі тілегін арнай отырып, өзімен бірге жұмыс істеген ағасы Қаламғали Хасанұлының қызметтегі жауапкершілігін үлгі етсе, Қазақстанның «Құрметті журналисі», ақын Сансызбай Базарбаев 80 жасқа өңкей «С» әрпінен тұратын өлең шумақтарын арнап, ризашылыққа бөленді.

 Кездесу соңында аудан әкімі Серік Арыстан туған жердің түлегі, әлемге танымал ғалымның жеткен биіктерін ауылдастарының әрдайым мақтан етіп қоймай, әр жасқа үлгі тұтатынын әңгімелеп, марапаттады.

С.ХАЛЫҚОВ.

Суреттерді түсірген автор.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT