Дендер жұрты хас батыр Боран Нысанбаевтың туғанына – 100 жыл, қаза тапқанына – 75 жыл толуын ерекше салтанатпен атап өтті. Алдымен шаралар легі таңсәріден Индербордағы мәңгі алау жанған боздақтар ескерткіші алдындағы митингтен бастау алды. Онда аудан әкімі Серік Арыстан мен шараға арнайы келген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, облыс, ауданның Құрметті азаматы Қатимолла Ризуанов аудан жұртын дәстүрлі ерлік мерекесімен құттықтап, ескерткішке гүл дестелері қойылып, азаматтар үнсіздікпен еске алынды.
Гүл қою, еске алу Көктоғайдағы Б.Нысанбаев атындағы орта мектеп бағындағы ескерткіш басында да жалғасын тапты. Мұнда аудандық және округ әкімдік, білім ұясы, әр сыныптар, туыстары, жастар атынан гүл шоқтары қойылып, ерлікке тағзым етті.
Құрметті күзет сап түзеген ауылдағы ескерткіш жанында аудандық мәслихаттың хатшысы Бағдат Сапаров аудан басшылығы атынан сөйлеп, қастерлі де қасиетті тұлғаға көрсетілген шараның маңызына тоқталды.
Батырдың ұрпақтары атынан Оңдасын Нысанбаев пен Лұқпан Есенғалиев, Сапура Бектенова, Гүлнәр Екпіндіқызына да сөз беріліп, олар бұл еске алу, ұлығылау шарасын өткізуге атсалысқандарға ақ алғыстарын жаудырды. Аудандағы көп бейінді ауыл шаруашылығы колледжіндегі «Дельфин» әскери-патриоттық клубы (жетекшісі Абзал Бижанов) мүшелері түрлі әскери іс-қимылдарын көрсетіп, ауыл жұртын таң-тамаша қалдырды.
Медаль иелерін тапты
Өшпес ерлікке арналған шаралар үстінде Б.Нысанбаев ерлігін насихаттап, ұлықтау шараларына үлесін қосып жүрген Қатимолла Ризуанов, батырдың туыстарына Боран атындағы мерекелік медальдар табысталды.
Мұндай медальді аудан әкімі бастаған топ Көктоғайда тұратын соғыс және еңбек ардагері Жұмабай Жұмашевтың отбасында болып, жағдайын біліп, ортақ қуанышпен құттықтау сәтінде де табыс етілді.
Сондай-ақ облыстағы қоғамдық ұйымның жетекшісі ауыл ардагерлері Ғалымжан Нұғыманға облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасын, Марат Мұқанов пен Мырзабай Егінбаевқа Алғыс хаттар тапсырды.
Батыр атындағы мектепте
Облыс пен ауданның сан түкпірінен келген қонақтарды Көктоғайдағы Б.Нысанбаев атындағы орта мектептің (директоры Анар Үмбеш) ұжымы жылы шыраймен қарсы алып, батыр рухына арналып өтіп жатқан сан түрлі шараларын ұсынды.
Ал қонақтар болса облыстық мұражайдың ауылдағы Б.Нысанбаев атындағы әскери-даңқ бөлмесіндегі (жетекшісі Қарлығаш Жылқышиева) жәдігерлермен танысып, тарихтың тереңінен сыр тартты.
Батыр ұлын ел мақтап...
Мектептегі шара мәдениет үйіне ауысып, мұнда да оқушылар көркемсөз оқып, А.Қожиевтың «Ер туралы жыр» әнін шырқады. Ауыл тұрғындары «Ақ Жайық» халықтық театры (қоюшы режиссер Шаида Оразғалиева) драматург, Орел өңірінде болып қайтқан жерлесіміз, аудандық газеттің бұрынғы редакторы Төлеубай Ысқақовтың бір актілі, екі көріністі «Бұл Лескиде болған еді..» пьесасын сахналады.
Сүйеу ХАЛЫҚОВ.