Республикалық бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры «Менің атам, менің әжем – белсенді зейнеткер» тақырыбында үздік эссе байқауын өткізіп, жақында қорытындысын шығарды.
Жалпы байқаудың негізгі мақсаты – зейнетке шықса да белсенді өмір салтын ұстанатын ата-әжелері туралы сыр бөлісу оларды сыйлау, құрметтеу болып табылады. Байқаудың 14-18 жас аралығындағы негізгі шарты бойынша қатысқан, Қ.Есқалиев атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы Әйгерім Меңдіқұлова бірінші орынды жеңіп алды. Шынайы мейірімге толы шығармасымен өз секілді қатарластарын қапыда қалдырған Әйгерім оқуда озат, мектептің мақтанышы.
Жалпы бұл шығармасында дарынды оқушы өнегелі де үлгілі үлкен отбасының ұйытқысы болып отырған атасы мен әжесінің еңбегін және олардан тараған ұрпақтарына деген махаббатын және ата-ананы барында бағалау керектігін жеткізіпті. Сондай-ақ қашанда немерелері үшін бар тәттіне үйіп төгетін шаңырақ иелеріне де кеңінен тоқталыпты.
Міне, байқаудың жүлдегерін «БЖЗҚ» АҚ АОФ аудандық қызмет көрсету орталығының басшысы Айгүл Дюсембаева қабылдап, құрмет көрсетіп, арнайы сый-сияпатын табыс етті. Бұл күнгі кешке Әйгерім әжесі Гүлнар Рамазановада қатысып, немересінің жеңісіне қуанып, бөлім қызметкерлеріне аналық алғысын арнады.
Диас АЙБАР.