Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, өмірі өлеңді, өлеңі өмірлі талант иесі, қазақ әдебиетінің ірі өкілі Қадыр Мырза-Әлінің өлеңдерін насихаттау, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында өткен IV республикалық "Қадыр оқулары" байқауы қорытындыланды.
Республиканың түкпір-түкпірінен қатынасқан 42 оқушының ішінен "Сөзім барда - өзім бар" бөлімінде ақынның шығармаларын ZOOM видеобайланысы арқылы нақышына келтіре орындаған Ә. Кекiлбайұлы атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Әлжанова Қарақат жүлделі ІІІ орынмен марапатталды.
Республикалық байқауда үздік үштікке іліккен Қарақат бағалы сыйлыққа ие болды.
Қарақат бұған дейін облыстық байқауда «Сөзім барда – өзім бар» деп аталатын ақын өлеңдерін мәнерлеп оқу бөлімінде бас жүлдені жеңіп алған болатын.
Осы орайда бәйгеге баптап қосқан жетекшісі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Зоя Таментаеваның да еңбегін атай кеткен жөн.
-Мен Қадыр оқуына бірнеше жылдан бері қатысып келемін. Маған оның өлеңдері қатты ұнайды. Әр өлеңі оқыған адамның жүрегіне жетпей қоймайды. Жалпы поэзия оқығанды жаным сүйеді, шаршағаным басылып, рахат сезімге бөленемін,-дейді ол.
Ендеше, республикадан жүлдемен оралған Қарақатқа тек биіктерден көріне беруін тілейміз.
Диас АЙБАР