«Дипломмен ауылға» жобасы шеңберінде сұрақ-жауап

Аталған жоба жоғары оқу орындарын бітіріп, ауылға бет түзеп, еңбекке орналасқан түлектер үшін мемлекет тарапынан үлкен қолдау болып келеді. Дегенмен, оларды толғандырған сауалдар да аз емес. Осыған байланысты облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы жауабын берген еді.

Сұрақ: - Аталған жобаның жаңа қағидаларына сәйкес, әлеуметтік қолдау шаралары бұрын берілген кредиттер бойынша өтелмеген мерзімі өткен берешегі жоқ (осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген құжаттарды қарау кезінде), сондай-ақ соңғы 2 жыл ішінде күнтізбелік 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі жоқ мамандарға ұсынылады (Қағидалардың 18-тармағы). Бұл норма не үшін қажет?

Жауап: -Бұл норма тұрғын үйі жоқ мамандарды әлеуметтік қолдау шараларымен барынша тиімді қамту, сондай-ақ бұрын берілген кредиттері бар мамандарға қаржылық жүктемені болдырмау үшін, сондай-ақ соңғы 2 жылда 90 күнтізбелік күннен артық қарызы болмаған жағдайда енгізілді. Бұл жерде басқа кредиттердің болуы мамандардың төлем қабілетіне әсер ететіндігі ескеріліп отыр.

Сұрақ: - Маман туыстарынан тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредитті пайдалана ала ма?

Жауап: -Жоқ, пайдалана алмайды. Бұл проблеманы жергілікті атқарушы органдар бірнеше рет көтерді. Біз жақын туыстарынан тұрғын үй-жай сатып алуға, сондай-ақ азамат тұрақты тұратын тұрғын үй-жайды сатып алуға тыйым салу жөніндегі норманы енгіздік. Бұл норма шын мәнінде тұрғын үйі жоқ мамандарды әлеуметтік қолдау шараларымен неғұрлым тиімді қамтуға ықпал ететін болады.

Сұрақ: - Көтерме жәрдемақы мен бюджеттік кредитті төлеу үшін жас ерекшелігіне қарай шектеу бар ма, яғни әлеуметтік қолдау шаралары қай жасқа дейін төленеді?

Жауап: -Қағидаларға сәйкес, алушы әлеуметтік қолдау шараларын алған кезде ауылдық жерде кемінде үш жыл жұмыс істеуге өзіне міндеттеме алады. Сонымен бірге, Қағидаларда жас ерекшеліктеріне шектеулер белгіленбеген. Алайда әкімдіктер маманның еңбек демалысына шыққанға дейін толық үш жыл бұрын шекті жұмыс мерзімі бойынша келісім міндеттемелерін орындау мерзімдерін ескереді, сондай-ақ бюджеттік кредит бойынша мерзімдер (15 жылға дейін) ескеріледі.

Сұрақ: -Тұрғын үй құрылысына бюджеттік кредитті пайдалануға бола ма?

Жауап: - Иә, болады. Бұл норма Қағидаларда (2014 жылғы 6 қарашадағы № 72 бұйрық) бар. Әкімдік маманға таңдау үшін тұрғын үйлердің үлгілік жобаларының нұсқаларын ұсынады. Алайда тұрғын үйдің бір шаршы метрінің құны 46 АЕК-тен (134,2 мың теңге) аспауы тиіс. Тұрғын үй құрылысының сметалық құны берілетін кредиттің екі еселенген мөлшерінен аспауы қажет. Тұрғын үй құрылысының мерзімі кредит берілген сәттен бастап 12 айдан аспауы тиіс.

Сұрақ: - «Дипломмен ауылға» жобасы неліктен шағын қалаларда қолданылмайды?

Жауап: -Қазақстан Республикасының «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» салалық Заңы (18-баптың 8-тармағы) ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұруға келген әлеуметтік сала және агроөнеркәсіптік кешен мамандарын ғана қолдауға бағытталған. Қазіргі уақытта заңнамалық актілердің халқы 10 мың адамнан аз шағын қалалардың мәртебесін өзгерту бөлігіне түзетулер енгізілді. Қалалық елді мекеннің мәртебесі ауылдық елді мекенге өзгерген жағдайда, олардың мамандары бұдан әрі Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген әлеуметтік қолдау шаралары мен тиісті үстемеақылар ала алады. Сондай-ақ, қалаларға келетін мамандар үшін Жоба шеңберінде әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну ауылдық жерлерден мамандардың кетуіне және кадр тапшылығының одан әрі ұлғаюына әкелуі мүмкін екенін ескеру қажет.

Сұрақ: -Жобаның автоматтандыру жүргізіліп жатқаны белгілі. Маман өтінішті электронды форматта қалай бере алады?

Жауап: -Маман «Электрондық үкімет» порталы арқылы «Әлеуметтік қамсыздандыру» бөлімінде өзінің ЭЦҚ арқылы өтініш береді. Қандай әлеуметтік қолдау шаралары қажет екенін таңдайды. Яғни, көтерме жәрдемақы ғана немесе бюджеттік кредитпен бірге қажет пе екенін таңдайды. Тиісті ақпараттық жүйелерден тізбеге сәйкес құжаттар алынады. Бұл, мысалы:

- жеке басын куәландыратын құжаттар туралы (Әділетминінің АЖ-нан);

- неке қиюды (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тіркеу туралы куәлік (Әділетминінің АЖ-нан) туралы;

- тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы мәлімет (ІІМ АЖ-нан);

- көрсетілетін қызметті алушының, оның жұбайының және балаларының жылжымайтын мүлкінің болмауы (болуы) туралы анықтамалар, көрсетілетін қызметті алушының атына тұрғын үй салуға берілген жер учаскесін пайдалану құқығы туралы (Әділетминінің АЖ-нан);

- еңбек жолы жөнінде мәліметтер (Еңбекминінің АЖ-нан);

- орта білімнен кейінгі, техникалық, кәсіптік және/немесе жоғары білімі дипломының болуы туралы (БҒМ АЖ-нан) мәліметтер. Еңбек қызметі жөнінде, білімі туралы дипломының болуы туралы мәліметтер ақпараттық жүйелерде болмаған жағдайда, осы құжаттардың сканерленген нұсқалары салынады, сондай-ақ Кредиттік бюродан есеп салынады. Бұдан әрі өтініш құжаттардың толық тізбесімен «Ауылдық ипотека бойынша өтінімдерді қабылдау жөніндегі бағдарламалық өнім» АЖ-на түседі. Осыдан кейін аудандар (қалалар) әкімдіктерінің жұмыскерлері өтінішті Ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтiк қолдау шараларын ұсыну қағидаларына (ҰЭМ 2014 жылғы 6 қарашадағы № 72 бұйрығы) сәйкес қарайды.

Сұрақ: - Оралмандар (этникалық қазақтар) әлеуметтік қолдау шараларын ала ала ма?

Жауап: -Егер оралмандар Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылса, олар «Дипломмен–ауылға» жобасы бойынша әлеуметтік қолдау шараларын ала алады. Бюджеттік заңнамаға (ҚР Бюджеттік кодексі, 178-бап) сәйкес түпкілікті қарыз алушылар Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылатын жеке және заңды тұлғалар болуы мүмкін екенін атап өткім келеді.

Сұрақ: - Маман көрші ауылдан емес, міндетті түрде қаладан келуі керек пе?

Жауап: -Негізгі өлшемшарт – маманның келу орнына қарамастан, ауылдық елдімекенде жұмыс істеуге және тұруға деген ниетінің болуы.

Сұрақ: - Егер жеңілдікті кредит алған адам ауылдан 3 жылдан ерте кетуді шешсе, ол нені төлеуге/орындауға міндетті?

Жауап: -Бұл мәселе әкімші, маман және сенім білдірілген өкіл (агент) арасында жасалған Келісімге сәйкес шешіледі. Өндірістік жағдайларға байланысты немесе әкімшіліктің (әкімдіктің) бастамасы бойынша үш жыл мерзім өткенге дейін басқа ауылдық елді мекендерге (немесе бір ауылдық елді мекен шегінде) жұмысқа ауыстырылған кезде алынған әлеуметтік қолдау шараларына маманның құқығы сақталады. Сонымен бірге онымен қосымша келісім жасалады. Егер маман өз бастамасы бойынша, әкімдіктің келісімінсіз, белгіленген мерзімнен аз жұмыс істесе, онда ол ұсынылған әлеуметтік қолдау шараларын толық көлемде қайтаруға тиіс.

Сұрақ: - Өтінімді қарау және жеңілдікті кредит беру мерзімі қандай?

Жауап: -Өзектендірілген Қағидаларға сәйкес, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдері әкімшіге құжаттар топтамасын тапсырған сәттен бастап 6 жұмыс күнін құрайды. (Бұрын көтерме жәрдемақы төлеу – 27 жұмыс күні ішінде, тұрғын үйге бюджеттік кредит төлеу – 47 жұмыс күні ішінде болған).

Сұрақ: - Бұл бағдарлама қай жылға дейін болады?

Жауап: -«Дипломмен–ауылғаның» іске асырылуының барлық кезеңінде, әсіресе ауыл жастары арасында өзектілігін жоғалтпай отыр. Сонымен бірге, «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында жобаны іске асыру мерзімдері регламенттелмеген.

Сұрақ: -Сұранысқа ие мамандықтар тізбесі не үшін қажет? Егер менің мамандығым бұл тізбеде болмаса, мен әлеуметтік қолдау шараларын ала аламын ба?

Жауап: -Белгілі бір салада кадрлардың жетіспеушілігі мәселелерін шешу үшін әкімдіктерге сұранысқа ие мамандықтар тізбесін қалыптастыруға мүмкіндік берілді. Бұл тізбе аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімдігінің ресми сайтында орналастырылады. Бұл тізбе алдағы кезеңге тиісті салада әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну үшін мамандықтар санаттарын айқындауға мүмкіндік береді. Мысалы, өтінішті уақтылы бермеген немесе қаржыландырудың болмауы себебінен әлеуметтік қолдау шараларын ала алмаған білікті сала мамандары (мамандандырылған салалық дәрігерлер, шет тілдері мұғалімдері). Осы норманы енгізгенге дейін Қағидаларда мұндай мүмкіндік болмады және әлеуметтік қолдау шараларын жылдың басында өтініш берген мамандар ғана алды. Алайда, бұл тізбеге ағымдағы жағдайға қарай өзгерістер енгізілуі мүмкін (қосымша ақша бөлу, басқа мамандардан бас тарту және т.б.).

Сұрақ: - Ауылдық жерлерде жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік қолдау шараларын алуға мүмкіндігі бар ма?

Жауап: -2020 жылғы 30 қыркүйекте «Ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтiк қолдау шараларын көрсету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 6 қарашадағы № 72 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің бұйрығы қабылданды. Көрсетілген Қағидаларға сәйкес, 2020 жылғы 17 қазаннан (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң) кейін жұмысқа орналасқан ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері әлеуметтік қолдау шараларын алуға құқылы.

Сұрақ: - Жеке ұйымдардың қызметкерлеріне (мысалы, ЖШС, ЖК және тб.) көтерме жәрдемақы және бюджеттік кредит түрінде шаралар ұсынылуы мүмкін?

Жауап: -Ауылдық елдiмекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтік қолдау шараларын көрсету қағидаларында (Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 6 қарашадағы № 72 бұйрық) маманның жұмыс жасайтын ұйымның меншік нысаны реттелмеген. Осыған байланысты, жеке ұйымдарда жұмыс істейтін мамандар әлеуметтік қолдау шараларын алуға өтінім бере алады.

Сұрақ: - Әлеуметтік қолдау шараларын алу үшін «Дипломмен–ауылға» жобасы бойынша құжаттарды қайда тапсыру керек?

Жауап: -Сізге әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну, кезекке қою немесе қоймау мәселесін қарау үшін «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы, сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (ХҚКО) арқылы толық құжаттармен электрондық форматта хабарласуды ұсынамыз.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521