Біз бағындырмайтын белес жоқ

Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Бұл күн Тәуелсіздік құрдастары үшін де ерекше мейрам. Егемен елмен бірге бой түзеп келе жатқан олардың мақсаты айқын, ойы азат. Бүгінде олар ел үмітін арқалаған жастық шақтан, қоғам үшін пайдалы еңбек етуге жан салып жүрген жандар. Солардың бірі – Алмас Сағынұлы.

Қазақстан дербестігін күллі әлемге жариялаған тұста ауданымызда дүниеге келіп, кенттегі Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепті бітірген. Алматы қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінде білім алып, сол оқу орнының магистранты атанған. Қазіргі уақытта «Mass media» компаниясының директоры. Мектеп қабырғасынан бастап сахна, ән, би саласына қызығушылық білдіріп, өзін жан-жақты дамыта бастаған. Кейіннен уытты әзілдері жоғары оқу орнының көңілді тапқырлар клубы басшыларына ұнап ойыншыдан бастап команда капитаны, жүргізушіге дейін көтерілген. Үш дүркін Алматы қаласының чемпионы атанған.

Танымал отандық телевизиялық жобалардың авторы әрі продюсері. Атап айтсақ, «Қарапайым-Ханшайым», «Біздің концерт», «Көңілді отбасы», «Бала дауысы», «Алматы – моя первая любовь» және тағы да басқа жобалар. Сонымен қатар, кино және сериалдар продюсері және авторы болып еңбек еткен. Қазіргі экранда көрсетіліп жүрген «Шоқан», «Каникулы в Таиланде», «Больше чем кино», «Қарапайым Қайрат», «Любовь на районе», «Замуж в 30» фильмдерінде Алмастың да қолтаңбасы бар.

Өнердің айналасында жүрген ол қазіргі таңда телевизиялық және интернет жобалармен айналысуда. – «Жайдарманды» тек бір рет ойнаған шығармын. Ал, мен орысша КВН ойнағанмын, күні бүгінге дейін Халықаралық бас лига КВН лигасының директорымын. Өзім оқыған Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық университетінің КВН лигасына әлі күнге дейін бір көзбен қарап тұрамын. Жас студенттерге қолдан келгенше КВН-ның қыр-сырын үйретіп жүрміз. Соның арқасы шығар, менен шыққан бір топ бала қазір елге танымал. Қатарларында актер, режиссер, блогер, вайнерлер бар. Ол да мен үшін бір жетістік, - дейді ол бізбен әңгімесінде.

Қазіргі қызметі «Mass media» компаниясының қалай құрылғандығы туралы сұрағанымызда:

– «Mass media» бірден құрылмады. Продакшн ашардың алдында 6 жылдай түрлі телевидение саласындағы жобаларға қатысып, тәжірибе жинадым. Бір күні сол кезде бірге жұмыс жасап жүрген продюсер Айжан Батырова (елге танымал «Мәссаған», «Намыс дода» және тағы басқа жобалардың продюсері) екеуміз отырып, өзіміздің компаниямызды ашайық деген шешімге келдік. Атауын ұзақ іздедік. Айжан ханымның алғашқы жобасы «Мәссаған» болғандықтан, сол жақтағы латынша жазылуының Mass дегенді аламыз деп шешім қабылдадық. Солай өзіміздің компаниямыз пайда болды, – деді.

– Тәуелсіздік құрдасы болу да бір бақыт. Өйткені, елдің жетістіктері мен дамуын Тәуелсіздік құрдастарының дамуынан көруге болады. Себебі, біздің бойымыздағы бар нәрсе – ол сол тәуелсіздіктің арқасы деп білемін. Жақында бір іс-шараға шақырып, Тәуелсіздік құрдастары деп суретке түсіріп, интервью алып жатыр. Сол кезде «кезінде тәуелсіздіктің құрдасымыз деп 10 жылдыққа бәрімізге ақшалай сыйлық беріп еді, биыл интервьюге тоятын болдық» деп әзілдегенім бар. Қазан айының аяғында Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен «Jastar alany» атты жастар форуымына қатыстым. Әкім Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен TEDx форматында өткізілген форумда спикер ретінде бірінші болып сөз сөйлеу бұйырды. Түйгенім, елімізде жарқын, лаулаған, болашақта бәрін өзгертемін деген жастар көп екен. Арман-мақсаттары бар азаматтардың өсіп келе жатқаны қуантады,-деді ол.

Ұшқырлық пен тапқыр ой арқылы көпшілікке жақсы көңіл-күй сыйлап, қоғамда болып жатқан дүниелерді көрерменге ұсынып, білім мен мәдениетімізді арттыру жолында еңбек етіп жүрген Алмас Сағынұлы адамға алдымен білім мен мәдениет керек деп есептейді. – Мәдениет пен білімсіз біз ешқайда бармаймыз. Жастарға көп кітап оқуға кеңес беремін. Себебі, біз ойымыздың ұшқырлығын дамытып, өрісіміздің кеңеюі үшін аянбауымыз керек. Әр жастың көкейінде асыл арманы мен елге деген адал махаббаты болуы қажет.

Отанымызға деген сүйіспеншілік қасиеттерді бойымызға сіңіре отырып, тәуелсіздіктің мәртебесін көтеретін тың істермен атсалу арқылы қоғамға қызмет ете аламыз. Біздің ендігі мақсатымыз – тәуелсіздігімізді одан әрі нығайтып, мәңгілік елімізді көзіміздің қарашығындай сақтау деп білемін – деп түйіндеді сөзін.

Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521