Жеңістің туын тікті олар...

Тарих көші үнемі жаңарып отырады. Десе де ұмытылмайды. Ескірмейтін тарихи оқиғалар болады. Екіншідүниежүзілік соғыстың қасіреті мен ұлы жеңістің қасиетін батыр ағаларымыз бен апаларымыздың ерлігін ешкім де ешқашан да ұмытпақ емес.

Әлемді дүрсілкіндірген оқиға 1941 жылы маусымның 22-де болған еді. Бәрақ сол кездегі кеңес елінің бірлігі мен достығының арқасында 1945 жылы 9 мамырда бұл оқиға жеңіспен аяқталды. Міне, содан бері 75 жыл уақыт өтті. Иә, бұл біздің еліміз үшін қасіреті де мол, халықтық қасиетімізге де қатал сын да болған кез еді. Адамзат тарихында ең ауыр, ең қиын соғыста өмір мен өлім, жақсылық пен жамандық, ізгілік пен жауыздық шешуші айқас алаңына шықты. Ал Жеңіс үшін аштыққа да, ауыр жұмыстарға да, тіпті өлімге де қарсы тұра білген ардагерлерді құрметтеу – біздің міндетіміз.

Қаншама азапты күндерді басынан кешіріп, бүгінгі көк аспанында ақ көгершіні қалықтаған бейбіт күнді сыйлады. Соғыс жылдары қазақстандық бес әскери құрамға гвардиялық деген құрметті атақ беріліп, олардың туларына әлденеше ордендер қадалды. Олардың жауынгерлерінің ерлігі аңызға айналды.

Соның ішінде атақты панфиловшылар дивизиясы бар. Оның құрамынан шыққан батальон, кейіннен дивизия командирі болған Бауыржан Момышұлының, Мәлік Ғабдулиннің есімдері соғыс тарихынан мәңгілік орын алады. Есімдері көпке танымал болмаса да жеңіске өлшеусіз үлес қосқан ардагерлеріміздің қатарында жарсуаттық майдангерлер де бар. Солардың бірі Ахмедияров Хамит ақсақал. 1921 жылы Нарын құмы Қаңбақты ауылында дүниеге келген. Сол жерде балалық шағы өтіп, кейін мектепке барған.Ұлы Отан соғысының басталуына байланысты тек жеті кластық мектепті бітіреді. Жастайынан колхозға жұмысқа орналасады.1942 жылдық қаңтар айында сол кездегі Есбол аудандық орталы әсери комиссариатының шақыртуы бойынша әскер қатарына алынады. 3 ай әскери жаттығудан өткеннен кейін соғысқа аттанады. Смоленск бағыты, Украина, Беларусия, Молдова, түбіндегі шайқаста болған. Румыния, Болгария, Венгрия, Прага, Польша қалаларын азат етуге қатысқан. Соғыста аяғынан жарақат алған. Елге 1947 жылы оралған. «Германияны азат етуге қатысқаны үшін» және Ұлы Жеңістің мерекелік медальдарымен, «Жуков» медалімен марапатталған.

Алмағанбетов Кереш ақсақал да қан майданнан елге аман оралған. Ол 1908 жылы Жарсуат ауыл советінде №2 ауылда колхозшы – шаруаның жанұясында дүниеге келген. «Кеңес» бастауыш мектебінде білім алған. Соғысқа дейін «Путь к коммунизму» колхозында еңбек еткен. 1942 жылдың 20 наурызында Есбол аудандық әскери комиссариатынан майданға аттанған. 1942 жылдан – 1943 жылдың 12 желтоқсанына дейін №200 атқыштар дивизиясында, 1943 жылдан – 1944 жылдың 6 сәуірі аралығында № 199 батыс атқыштар полкінде, 1944 ж – 1945 жылдары №598, №23 атқыштар дивизиясында атқыш болып, жаумен шайқасқан. «За отвагу», «Ұлы Жеңіске - 20 жыл» медалімен мараптталған. 1945 жылдың 23 маусымында СССР Жоғарғы Советі Президиумының Указы бойынша әскер қатарынан босап,елге жеңіспен оралған.

Майдангер Қазиев Жәрдем 1919 жылы Индер ауданы №1 ауылда дүниеге келген.1939 жылы Кеңестер Одағы Қарулы Күштер қатарына алынған. Әскери мамандығы жауынгер – минер. 1941 жылы майданға аттанған. 1944 жылдың қыркүйек айына дейін №161 партизан бригадасында неміс – фашисттерінің тірек пункттерін талқандау, темір – тас жолдарын жарамсыз қылу міндеттерін атқарған.

І дәрежелі Партизан медалімен, Қызыл Ту орденімен марапатталған. ҰОС ардагері Нұрғалиев Тоқтыбақ. 1906 жылы қарапайым отбасында дүниеге келген. 1941 жылдың аяғында сол кездегі Есбол аудандық әскери комиссариатына әскер қатарына шақырылады. Кейін майданға аттанып, № 870 атқыштар полкінің құрамында пулеметші болған. Соғыста қолынан жарақат алуына байланысты елге оралып, 1944 жылы КСРО Халық Қорғаныс комиссариатының №336 бұйрығына сәйкес соғысқа жарамсыз деп танылған. «Отан соғысы» медалімен марапатталған.

Майдангер Нұрғалиев Жаңбырбай 1924 жылы дүниеге келген. 1942 жылдың аяғында Оңтүстік Батыс майданының №127 гвардиялық атқыштар полкы қарамағында алғашқы ұрысқа қатысқан. Воронеж қаласын азат ету шайқасында жарақаттануына байланысты елге оралған. «1941-45 жылдары неміс – фашизмін жеңгені үшін» медалімен марапатталған.

Жоғарыда аталған ардагерлерден басқа Жарсуат ауылдық округі ардагерлер алқасының төрағасы Таскарин Талғат Сүндетұлының еңбегімен 70-ке жуық соғыстан аман – есен елге оралған майдангерлердің есімі белгілі болды. Олар: Аленов Мажит, Айтуаров Есенаман, Азанов Жеңіс, Жетпісқалиев Сапар, Мурзин Құбаш, Мустафин Орынбасар, Байғожин Сейфолла, Қуандықов Осиха, Дүмбаев Қажымұрат, Есқалиев Қапар, Орынбасаров Өмір, Пышатаев Сұлтанғали, Қуандықов Рақымғали, Бекетов Сабыр, Берзентов Нұршәріп, Досбосынов Құрмаш, Ерғалиев Бисекеш, Есенов Меңдеш, Басаров Мәтжан, Құршекенов Естай, Жаңылысов Жолдас, Жасмағанбетов Қами, Қалбағаев Қалу, Қалимағанбетов Жұмағұл, Қанатов Сыдиқ, Сымағұлов Өржан, Сейтқазиев Өтеғали,Толыбаев Шәутік, Нысанғалиев Хамза, Батабиев Нұрымғали, Жангирв Қуан, Құспанов Құмар, Есқожиев Жұмағұл, Мұратов Тәуекел, Хасанов Төкеш, Әлімбаев Бабас, Тегісбаев Хамидолла, Шерубаев Рахым, Айдарханов Шомай, Айжарықов Қадірқұл, Батыров Ақсерік, Берғалиев Үсенғали, Бекетов Тәжіғұл, Дәулетов Ізтай, Досқалиев Мақу, Дошақов Көшкінбай, Ералин Орынбасар, Жаманқұлов Құрақ, Жаманшин Нығмет, Жұмашев Айтқазы, Жүндіқұлов Бегалы, Измағанбетов Бекәлі, Көміров Жайбасар, Күсепов Қайыр, Қабдолқалихов Әмен, Қапаров Бозша, Қадірғожин Сатыш, Мусин Гилман, Мұханбаетов Әбілайыс, Нұрғалиев Нарыш, Оңдасынов Жүнісқали, Өмірбаев Тайшыман, Өтемісов Еснияз, Сатығалиев Әжімғали, Сейілбаев Жұмағұл, Тастемиров Сапарғали, Үркімбаев Бақтыгерей, Шотжанов Құлмағанбет, Шәлекенов Сақтай.

Өкініштісі бұл ардагерлерге Жеңістің 75 жылдық мерейтойын тойлау бұйырмапты. Есесіне батыр аталарының ерлігін мәңгілікке еске алып, зор мақтанышпен айтып жүретін ұрпақтары бар. Оқтың азабынан, жоқтың азабы кем соқпаған заман еді. Сол бір ел басына түскен қиын-қыстау шақта тылда еңбек еткен кешегі бозбалалар – бүгінде бір әулеттің ақсақалды атасы, шежірелі қазынасы. Олар маңдайдан тер, көзден жас ақса да, өз жұмыстарына бекем болды, жарғақ құлағы жастыққа тимей күн қатып, түн қатып сарыла еңбек еткен тыл ардагерлері ерекше құрметке лайықты жандар.

Ұлы Отан соғысынан аман оралған ақсақалдарымыздың қатары жыл санап азайып барады емес пе?! Солардың жанымен, қанымен, терімен, көз жасымен, күшімен, ісімен, ерлігімен, атаның туын жықпай, ананың намысы үшін туған жердің топырағын жауға таптатпай, еңіреп жүріп жауды жеңіп, тауын шағып, туын жағап, жеңістің таңбасын басқан күн – Жеңіс күні. Ия, оны сан миллиондаған адамдар, минуттап, сағаттап, сарыла күтті емес пе? Ақыры олардың үміті мен сенімі ақталды.

А.ОСИХИНА,

М.Өтемісұлы әдеби-мемориалдық музейінің меңгерушісі,

Жарсуат ауылы

сурет дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT