Жайық жайы осы күнге дейін аз айтылып жүрген жоқ. Бірақ ерке Жайықтың бұрынғы арнасынан асып, тасығанын соңғы жылдары көре алмайтын болдық.
Су деңгейі жылдан жылға төмендеуі жағадағы бізді қатты алаңдатады. Тіпті экологиялық апат дәрежесіне жетті емес пе? Егер су деңгейі осылай құлдырай берсе қалай болмақ?
Жайық жағалаған халықтың бірден-бір ауыз су көзі, ауылшаруашылығы барлығы осы суға қарап тұрған жоқ па? Баяғыдай тулап жататын балығын да жоғалтып алдық.
Бұған дейін Жайықты құтқаруға байланысты Қазақстан мен Ресей арасында түрлі деңгейде кездесулер болғанымен кейін саябырсып қалғандай көрінеді. Бастысы оның нәтижесін толыққанды көре алмай отырғанымыз жасырын емес.
Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі Атырау облысына қатысты кеңес өткізгенінде осы Жайық мәселесін көтеруі көңілімнен шықты.
Кеңесте Президент Жайықтың экологиялық ахуалын баяндай отырып, «Біз Жайық өзені аңғарының экожүйесін сақтау жөнінде 2024 жылға дейінгі Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы туралы бағдарлама қабылдадық. Үкімет осы бағдарламада көзделген іс-шараларды уақтылы қаржыландыруы керек. Сонымен бірге Ресей жағымен бірлесіп, жедел шаралар қабылдауы қажет», – деген пікірінен үлкен үміт күтемін.
Жайықты жойып алмай тұрғанда мұндай маңызды міндеттерді тезірек шешілуін қалаймын.
Төлеген АЙТҚҰЛОВ, мемлекеттік қызмет ардагері