Карантиндік шектеу шараларын енгізу салдарынан ағымдағы жылғы шілде айында табысынан айырылған жұмыс істейтін, атап айтқанда келесі санаттарға:
1) жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген қызметкерлерге;
2) жеке кәсіпкерлерге;
3) жеке практикамен айналысатын адамдарға;
4) нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатын жеке тұлғаларға;
5) бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғаларға (бұдан әрі – БЖТ төлеуші) азаматтарға МӘСҚ-тан біржолғы төлем төленеді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған қызметкерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айрылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем жоғалған кірістің 40%-ына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған қызметкерге:
- Egov.kz порталында авторизациялану;
- «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеп жүрген адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;
- онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолдарды толтыру және өтінімге ЭЦҚ-мен қол қойып, жіберу қажет;
- бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі халықты жұмыспен қамту орталығы (бұдан әрі – ХЖҚО) бос жұмыс орындарын ұсынады;
- егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде жұмыссыз статусы қашықтықтан берілетін болады (қажет болған жағдайда қосымша ақпарат жинау үшін сізге ХЖҚО қызметкері хабарласады).
Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған кезде Еңбекминінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тан төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.
МӘСҚ қаражаты есебінен жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады және жұмыссыз адам жұмыс іздеген кезеңде оны қолдауға арналған.
www.gov.kz