Тұрғын тоңды, мал ықты, жол жабылды

Ақпан айының аяғындағы ақырған аяз, иттұмсығы көрінбес боран біраз зардабын тигізіп үлгерді. Тұрғындар тоңып, мал ығып, жол апатынан орны толмас өкініште болып жатыр. Дегенмен барлық жағдай бақылауға алынып, арнайы топтар жұмыс жасауда.

Алғашқы боранда абдырап қалғандықтан ба 2-3 шаруа қожалығы қойы отарымен ығып кетіп, абырой болғанда бірін қыстақтағы малшылар қамап алып хабар берсе, бірі даладан табылыпты. Әйтеуір, көлденеңнен құдай сақтапты.

Алайда жылқы, сиыр, түйе малының ығып жүргені туралы хабар жедел тарап жатыр. Оның үстіне мал азығы да таусылар шақ таяу. Әрине бұл әркімнің қысқа қамданысының жайына қарай.

Жалпы аяздың салдарынан кенттегі Д.Қонаев, Б.Майдыров көшелеріндегі кейбір көп қатарлы үйлердің және жеке үйлердің де ауыз суымыз тоқтап қалды деген жанайқайлар аудан әкімдігінің телеграмм желісіне жазылуда. Әрине қатты аяз болғасын мұндай жағдайлардың болатыны белгілі.

Осы орайда «Индерсу» КМК-ға хабарласқанымызда, мекеменің өндірістік және техникалық бөлімінің басшысы Алмас Құсайынов дабыл бойынша мекеменің апатты бригадасы дер кезінде суы қатып қалған көп қатарлы үйлердің жертөлелерінен жібітіп, су айналымын қалыпқа келтіруде жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.

- Негізі қазіргідей аяз қысқан кезде су шүмегін аздап тамшылатып қойса, құбырдағы су қатпас еді. Ал су айдау стансасынан су қалыпты беріліп отыр , - дейді.

Бұдан басқа тұтыну екі есеге артқандықтан тұрғындардан газ қысымының да жетпей үйлері салқындап кетуі жиілеп жатқандығы туралы да айтылуда. Осы орайда «ГазТранГазАймақ» мекемесі күн райының күрт салқындауына байланысты тұрғындар тарапынан газ тұтыну көлемі артып отырғанын, дегенмен де газ бір қалыпты беріліп, газ реттегіш шкафтар максималды режимде жұмыс жасап тұрғанын жеткізуде. Әрбір жеке үй иесі өздерінің жылыту қазандығын жіті қадағаласа, көп қатарлы үй тұрғындары орталық жылужайға қарайтыны сөзсіз.

Осы орайда Индербор кентіндегі «Таңат» ПИК төрағасы Бейбіт Ильясовты сөзге тартқанымызда, кейбір жекелеген тұрғындардың жылу құбыры бойынан уақытында ауа шығармай, немесе бітеліп, уақытында жөндеу жасамағандары болмаса, 13 көп қатарлы үйге жылу тарататын 8 орталық жылу жайының тұрақты жасап тұрғанын қаперге берді.

Жол қауіпсіздігін сақтау және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында бірнеше бағыттағы жолда көлік қозғалысы тоқтатылғанын, облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметі хабарлаған болатын. Соның ішінде республикалық «Атырау-Орал» бағытындағы жол 22 ақпанда жабылса, жергілікті маңызы бар жолдардағы көлік қозғалысының да уақытша тоқтатылып отыр.

Кент ішінде ұйытқыған боранда қар аршу жұмысы тұрақты атқарылып отырғанын «Жасыл аймақ» КМК төрағасы Әнуарбек Кенжиев атап өтті.

-Қазіргі таңда 4 бірдей техника сағат таңғы 06:30-дан бастап, қар аршу жұмыстарын уақытында атқарып отыр. Оның ішінде кенттің орталық бөлігімен қатар шектік мөлтек аудандарын қамтып отырмыз, - деді ол.

Жалпы ауа райына байланысты мектептер толықтай онлаин режиміне көшсе, бөбекжайлардың жұмысы да уақытша тоқтатылды.

Әзірге төтенше жағдай жарияланбағанмен кәрі қыс әлек салуда.

С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ.

Соңғы жаңалықтар

podpiska_kaz

COVID 19

covid

Фотогалерея

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelszdkke-30-zhyl

COVID-19 инфекциясы

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 775 798 46 24     +7(7122) 45-85-21

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 2018 жылғы
16 мамыр күні тіркеліп, тіркеу туралы 17101-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Индер ауданы, Индербор кенті, Д.Қонаев-18.

Байланыс телефоны: 8 (712-34) 2-11-80, 2-15-26, 2-11-42 (факс)

Электронды пошта: dender_gz10@mail.ru




Яндекс.Метрика