345 мыңнан аса қазақстандық Skills Enbek платформасында білім алды

АСТАНА. KAZINFORM — Жыл басынан бері 345,8 мың азамат, оның ішінде 49 мыңға жуық жұмыссыз Skills Enbek кәсіптік оқыту платформасында онлайн-курстардан өткені туралы сертификаттар алды, деп хабарлайды Еңбекмині.

Министрлік дерегінше, платформада барлығы 839,7 мың қазақстандық тіркелген, оның 353,3 мыңы — 2025 жылы қосылған. Бұл ретте платформа жұмысының барлық кезеңінде 718,6 мың адам оқудан өтті.

Оқуды аяқтаған 49 мың жұмыссыз азаматтың шамамен 14 мыңға жуығы негізінен Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан, сондай-ақ Түркістан және Қызылорда облыстарынан (16-35 жас аралығындағы) жастар болды.

    — Платформа іске қосылғаннан бастап авторлар әртүрлі бағыттар бойынша 1 000-н астам курс жариялады, оның 375-і тегін. Сондай-ақ, одан әрі оқу үшін білім беру алаңдарына ауысу мүмкіндігімен Courstore, Fluent Education және Яндекс Қазақстан серіктестерінің курстары бар. Курстардың ұзақтығы 1-ден 72 сағатқа дейін. Қыркүйек айындағы ең танымал курстар: «IT и телекоммуникации», «Повар-кондитер», «Сенің мансаптық бастамаң: „Электрондық еңбек биржасын“ қалай пайдалануға болады», «Управление персоналом», «Пішу және тігу», — делінген хабарламада.

Платформада әлеуметтік қызмет көрсету және т. б. салалардағы түрлі мамандықтар бойынша тегін курстар саны үнемі артып келеді.

Оқуға https://skills.enbek.kz/ сілтемесі арқылы немесе Электрондық еңбек биржасында (Enbek.kz) «Онлайн оқыту» бөлімін таңдау арқылы қол жеткізуге болады.

Платформада білім алушы оқытудың қолайлы қарқыны мен тілін, материалды берудің ыңғайлы принципін дербес таңдайды, білім беру үдерісіндегі өзінің ілгерілеуін бақылай алады.

Оқу аяқталғаннан кейін білім алушы 70% шекті деңгеймен тестілеу тапсыруға тиіс. Онлайн курсты сәтті аяқтаған жағдайда дағдыларды игеру туралы сертификат беріледі. Курсты аяқтаудың міндетті шарты — білім алушы тарапынан курсты бағалау. Сертификатты жүктеу кезінде игерген дағдылар бойынша Enbek.kz-те бос жұмыс орындарының ұсыныстары қосылды.

Алынған сертификат Enbek.kz-те тіркелген кезде білім алушы жасаған түйіндемеде автоматты түрде көрсетіледі. Қызметкерлерді іздеу кезінде әлеуетті жұмыс беруші платформада сәтті оқудан кейін алынған сертификаттарды көре алады.

Авторлар мен әзірлеушілерге арналған платформада онлайн курстарды орналастыру тегін. Курстар мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде орналастырылуы мүмкін, ақпарат берудің әртүрлі форматтары: мәтін, презентация, бейне және аудио материалдар, инфографика және басқа түрлері болуға тиіс. Платформа ерекше қажеттіліктері бар білім алушылар үшін интерфейсті бейімдеу мүмкіндігін болжайды.

Осыған дейін AI-Sana бағдарламасы аясында 650 мың студент жасанды интеллект негіздеріне оқытылатыны анықталды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT