Тәуелсіздік күні құрметіне орай «Балдаурен» бөбекжайында түрлі шаралар өтті. Соның бірі «Алтын балық» ересек тобының «Тəуелсіз ел-ұланы» атты әсерлі шарасы болатын.
Бүлдіршіндер "Туған жерді гүлдендір" ойынына атсалысып, Қазақстан Республикасын географиялық картадан жете тани білді. Картаға жүрекшелер мен гүлдер қадап, болашақта елін сүюге, гүлдендіруге деген қызығушылықтарын арттыра түсті. «Біз Қазақстанда тұрамыз» деп барша бүлдіршін мақтанышпен жеткізді. Ұлдар «Асық ату» ұлттық биін биледі және мерекеге арнап жыр шашуларын тарту етті.
Шара барысын саз маманы Гүлнар Хайырлиева музыкамен көркемдеп тұрды.
-Бүгінгі шарамыздың мақсаты жас ұрпақты адамгершілікке, Отанын құрметтеуге тəрбиелеу. Тəуелсіздіктің қалай келгендігін түсіндіре отырып, елін, жерін сүюге, қадірлей білуге баулу. Бала бойында патриоттық сезімнің қалыптасуына ықпал жасау болатын. Бүгінгі шарамыз өз мақсатына жетіп, ойдағыдай өтті деген ойдамыз, - дейді «Алтын балық» ересек тобының тəрбиешісі Айнұр Жукесова.
Саламат Б.