Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері А.Доспаеваның айтуы бойынша, 4 айда 27 адамды ит қапқан.
Яғни көше кезген иттен тұрғындар жапа шексе, қаңғыған мысықтан да қауіп көп. Осы мәселе жақында аудандық әкімдікте қаралды. Көтерілген мәселе жөнінде «Ветстанса» КМК-ның басшысы Е.Бөкеев атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Биыл аудан бюджетінен 007 бағдарламасы бойынша бұралқы иттер мен мысықтарды жоюға 1 000 000 теңге бөлініп, «Тікелей шарт тұжырымы бір дереккөздерден» мемлекеттік сатып алудың тәсілі негізінде ит атушы кәсіпкермен ақпан айынан келісімшарт жасалыпты. Содан бері аудан көлеміндегі барлық округтерде бұралқы иттер мен мысықтарды жою жұмыстары жүргізіліп келеді екен.
-Аудан көлеміндегі бұралқы иттер мен мысықтарды жою жұмыстары үшін құрылған арнайы топ қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, елді мекеннің сырт жерлерін отты, ішін пневматикалық қарумен дротик арқылы жүргізіп келеді. Күні бүгінгі мәлімет бойынша , ауданда 251 бас бұралқы ит, 22 мысық жойылды, - дей келе, мал дәрігерлері екпе, қан алу кезінде ит иелеріне ұстау Ережесі бойыша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келетіндігін қаперге берді. Дегенмен аудан басшысы М.Қалауи тапсырманың орындалмауы салдарынан тұрғындар зардап шегіп жатқанын, көшені кезген ит пен мысықтың көптігін, ұйымдастыру жұмыстары жолға қойылмауда екендігін айтып, жауапкершілікті күшейтуді тапсырды.
Өз тілшіміз.