Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев бастам көтеріп жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» да тәмамдалып келеді. Оның аясында әртүрлі мамандықтар иелеріне құрмет көрсетілгені белгілі. Жылжабар тұста аудандағы медицина саласы әкімшілігі «Ақ халаттағы таңғажайып жаңа жыл» атты шарасын өткізіп жыл үздіктерін марапаттап, құрметтерін көрсетті.
Ұлығыланғандар арасында дәрігерлік қызметке қырық жылына арнаған Хиуаз ауылдық амбулаториясының медбикесі Меңдіғалиева Назымгүл Махмудқызы да бар. Оның халықтың өмірі мен денсаулығын сақтауға сіңірген абыройлы еңбегі ескеріліп, Ұлттық медициналық ассоциациясының «Мамандығына адалдығы үшін» медалі табысталды.
Медбике науқасқа ең жақын әрі қамқоршы адам. Сол себепті мейірбикенің өз мамандығына деген сүйіспеншілігі, алдына келген науқасқа жанашырлық танытуы бәрінен маңызды. Бүгінде заман ағымына сай орта буын медицина қызметкерлеріне қойылатын талап деңгейі де жоғарылады. Қазіргі заманауи медбике жоғары білікті, терең білімді болуы қажет. Мейірбикенің әр күні науқастардың жағдайын жасап, бәйек болумен өтеді. Назымгүл Махмудқызы медицина саласына өз жан қалауымен келді. 1985 жылы Гурьев медицина училищесін тәмамдап, сол жылы мамандығы бойынша осы Дәшін, қазіргі Хиуаз ауылдық амбулаториясына медбике болып жұмысқа тұрды. Содан бері табан аудармастан еңбек етіп келеді. Жауапкершілікпен атқаратын қызметіне, кәсіби шеберлігіне, мол тәжірибесіне сай 2006 жылдан бастап аға медбикке санатына көтерілді. Ұзақ жылғы еңбегі ескеріліп, 2024 жылы Жаңаталап ауылдық округі бойынша «Үздік медицина қызметкері» номинациясын иеленді. Кейіпкеріміздің кенже қызы Зайрова Ардақ Ақылбайқызы да анасының жолын таңдады. Алматы қаласындағы Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдап келіп ауданда дәрігер болып еңбек етеді.
Ем-шара кабинетіндегі мейірбике міндеттерінің мүлтіксіз орындалуын, еңбекті ұйымдастыруды жақсартуға арналған шаралар, құжаттаманы жүргізу, ем тағайындау парағымен жұмыс жасау, дәрігерлік тағайындауларды сұрыптау, дәрі-дәрмектерді есепке алу және жұмсау туралы есеп жүргізуді жүзеге асыру оның үйреншікті жұмысы. Қашан да жанына шипа іздеп келген жандардың аурудан емделіп шығуы жолында білімі мен біліктілігін аяп қалмайды. Ұжымда беделді, отбасында мейірімді Назымгүл Махмудқызы өткен жылы құрметті зейнеткерлікке шықса да басшылық тарап бір жылға қызметінде қалдырған болатын.
«Медицина кәсібі – адамгершіліктің асылы» деп бекер айтылмаған. Ауыл адамдарына сөзімен де, ісімен де шипа бола білген мейірімді медбикенің осындай биік марапатты еншілеуін оны білетіндер лайықты деп қабылдады. Адал еңбектің өтеуі осы болар.


