5 желтоқсан мен 3 қаңтар аралығында мерекелік күндер кезеңінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, өрттердің алдын алу және азаматтардың жарақаттануына жол бермеу мақсатында Атырау облысының аумағында «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шара аясында полиция қызметкерлері төтенше жағдайлар қызметімен бірлесіп сауда нүктелері мен базарларда рейдтік іс-шаралар ұйымдастыруда. Рейд барысында пиротехникалық өнімдерді сақтау, сату және тасымалдау кезінде заңнама талаптарының сақталуы тексеріліп, сертификатталмаған және заңсыз айналымдағы пиротехникалық бұйымдарды анықтау жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері саудагерлерге пиротехникалық өнімдерді сату және сақтау кезіндегі қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігін түсіндіріп, тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайлардың алдын алу мақсатында профилактикалық түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Іс-шара барысында ҚР ӘҚБтК-нің 436-бабы, яғни пиротехникалық бұйымдарды елді мекендерде пайдалану бойынша 1 әкімшілік хаттама, ҚР ӘҚБтК-нің 196-бабы, тауарлармен немесе өзге де заттармен заңсыз сауда жасау
бойынша 3 әкімшілік хаттама жасақталды.
Осы ретте, полицейлер мереке күндері қоғамдық қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңыздылығын атап өтіп, пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сату мен пайдалану заң алдында жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.


