Әділдік пен ашықтық – заң талабы

Қоғамдағы тұрақтылық пен сенімнің негізі – заңның үстемдігі, әділдік пен ашықтықтың сақталуы. Заң баршаға ортақ болғанда ғана ел ішінде тәртіп орнап, азаматтардың құқықтары толық қорғалады. Сондықтан да әділдік пен ашықтық – бүгінгі күннің басты талабы.

 

Әділ қоғамда әр азамат заң алдында тең. Лауазымы мен әлеуметтік жағдайына қарамастан, әркім өз әрекеті үшін жауап береді. Бұл – құқықтық мемлекеттің басты қағидаты. Заң талаптары орындалған жерде жемқорлыққа, әділетсіздікке жол берілмейді, халықтың билікке деген сенімі арта түседі.

 

Ашықтық – мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыратын маңызды тетік. Мемлекеттік органдардың қызметі ашық болған сайын, қабылданатын шешімдер де халыққа түсінікті әрі қолжетімді болады. Ашық ақпарат, жария есеп, кері байланыс – қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтатын құралдар.

 

Бүгінде елімізде заң мен тәртіпті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде. Құқық қорғау органдары халықпен тығыз байланыс орнатып, түсіндіру жұмыстарын күшейтуде. Бұл өз кезегінде азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, заңға деген құрметті қалыптастырады.

 

Әділдік пен ашықтық тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі екенін ұмытпауымыз қажет. Заңды сақтау, қоғамдық тәртіпке бағыну, әділетсіздікке бейжай қарамау – ортақ міндет. Сонда ғана біз қауіпсіз, тұрақты әрі дамыған қоғам құра аламыз.

 

Әділдік салтанат құрған, ашықтық орныққан елде заң – қорған, тәртіп – тірек болады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT