2025 жылғы 23 желтоқсан күні Атырау қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Eco Generation: Таза әлемге қадам» тақырыбында жастармен кездесу алаңы ұйымдастырылды.
Кездесу Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының «Атырау облысының Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен жүзеге асырылып, оған 50-ге жуық оқушы мен белсенді жас қатысты. Жиынның басты мақсаты – жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғаудың маңызын жан-жақты түсіндіру, экология саласындағы өзекті мәселелерді талқылау және эко-белсенді жастар арасында ашық диалог алаңын құру болды.
Кездесу барысында экология саласында белсенді қызмет атқарып жүрген мамандар мен эко-белсенділер сөз сөйледі. Атап айтқанда, Гумарова Асель – JerEcoHub жобасының менеджері тұрақты даму мен экологиялық жобалардың маңыздылығы туралы ой бөліссе, Аманжол Әлия – AtyrauEco ұйымының белсендісі өңірдегі экологиялық мәселелер мен оларды шешу жолдарына тоқталды. Сонымен қатар, Жайнар Ардаққызы – Махамбет ауданының «Jaryq bolashaq» командасының мүшесі жастардың экологиялық бастамалардағы рөлі жөнінде өз тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар практикалық мастер-класстар өтті. Хакатон жеңімпазы Азамат Абдуррахман қоқысты сұрыптауға арналған инновациялық жобасын таныстырса, Бисембай Тілекші Серікқызы «Химия әлеміне саяхат» тақырыбында экология мен химияның өзара байланысын түсіндірді.
«Eco Generation: Таза әлемге қадам» кездесуі жастардың экологиялық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың қоршаған ортаны қорғауға бағытталған нақты бастамаларға атсалысуына серпін берді.




Ақтілек Базарбаева


