Зинеден ауылындағы “Кобяково–Забурын” суару каналына күрделі жөндеу жұмыстарының басталуы – ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды қадам.
Аталған жоба ауыл шаруашылығына қолайлы жағдай жасап қана қоймай, өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға да бағытталған. Каналдың жаңартылуы арқылы су ресурстарын тиімді пайдалану мүмкіндігі артып, су тапшылығының алдын алу, егістік алқаптар мен шалғын жерлерді толық игеру қамтамасыз етіледі. Бұл бастама ел көлемінде жүзеге асырылып жатқан “Таза Қазақстан” экологиялық акциясымен тығыз байланысты. Жөндеу жұмыстары барысында канал арнасы тазартылып, қоқыстар мен лай-батпақтан арылтылады, су өткізу қабілеті жақсартылады.
Нәтижесінде қоршаған ортаның ластану деңгейі төмендеп, табиғи тепе-теңдік сақталады. Таза су – таза табиғаттың кепілі, ал бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының өмір сапасына оң әсер етеді. Жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен, белгіленген жоспарға сәйкес жүргізіледі.
Құрылыс барысында экологиялық талаптар қатаң сақталып, заманауи технологиялар қолданылмақ. Бұл “Таза Қазақстан” тұжырымдамасының негізгі қағидаларына – табиғатты қорғау, ресурстарды ұқыпты пайдалану және болашақ ұрпаққа таза қоршаған орта қалдыру мақсатына толық сай келеді. Осылайша, “Кобяково–Забурын” каналының жаңғыртылуы Зинеден ауылы үшін тек инфрақұрылымдық жоба ғана емес, сонымен қатар экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, табиғатқа жанашырлықпен қарауға бағытталған маңызды іс болып отыр.


